Қазақстанда отандық ядролық медицинаның дамуының арқасында онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастарға көрсетілетін көмектің мүмкіндіктері кеңейіп келеді. ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының Ядролық медицина орталығында сүйек метастаздарын емдеуге арналған «Самарий-153 Sm Оксабифор» радиофармацевтикалық дәрі-дәрмегі қолданылуда.
Әдіс 2024 жылдың соңында енгізілген. Содан бері бұл емді 50-ден астам пациент қабылдады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, препарат ауырсыну синдромын бәсеңдетіп, сүйек тініндегі ісік ошақтарының бетін қайтаруға ықпал етеді. Терапияның негізгі әсері – ауырсыну синдромының қарқынын азайту немесе едәуір төмендету. Бұл пациенттердің күнделікті белсенділігін сақтап, жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Ядролық медицина орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасованың айтуынша, радиофармацевтика саласының дамуы онкологиялық ауруларды емдеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.
«2024 жылдың соңында Орталықта сүйек метастаздарын 153Sm Самарий Оксабифор препаратының көмегімен радионуклидтік терапия арқылы емдеу әдісі сәтті енгізілді. Бүгінгі таңда бұл емді 50-ден астам пациент қабылдады. Клиникалық бақылау мен зерттеулер нәтижелері ауырсыну синдромының төмендеп, сүйек тініндегі метастаз ошақтары көлемінің азаюы сияқты оң өзгерістерді көрсетті. Бұл емдеу әдісінің тиімділігін, оның қатерлі ісігі бар науқастарды емдеудегі маңызды рөлін және пациенттердің өмір сапасын жақсартуға қосатын үлесін айқын дәлелдейді», – деді Айгүл Сәдуақасова.
Терапияның оң нәтижелерін пациенттердің өздері де растауда. Олардың айтуынша, ем күнделікті белсенділікті арттыруға мүмкіндік берген.
«Қазір самарий препаратымен емнің үшінші курсынан өтіп жатырмын. Алғашқы курсқа келгенде тіреуішпен, кейін таяқпен жүрдім, ал үшінші курсқа ешқандай көмекші құралсыз, өз аяғыммен келдім. Менде сүт безінің қатерлі ісігі және сүйек пен омыртқада метастаздар бар. Қазақстанда осындай препараттың қолжетімді болғанын естігенде, кейін өкінбес үшін ем қабылдауға шешім қабылдадым. Қазір қатты ауырсынулардың басым бөлігі жоғалды», – дейді Ядролық медицина орталығының пациенті.
Әдістің маңызды артықшылықтарының бірі – оны ісікке қарсы емдеудің басқа түрлерімен бірге қолдануға болатындығында. Атап айтқанда, бұл терапия химиотерапиямен, таргеттік, гормондық және иммундық еммен қатар жүргізіледі. Сонымен қатар емдеу ұзақ оңалтуды қажет етпейді және ауыр жанама әсерлердің аз болуымен ерекшеленеді.
Мамандардың айтуынша, «Самарий-153 Sm Оксабифор» препаратын қолдана отырып жүргізілетін радионуклидтік терапияны енгізу отандық ядролық медицинаның дамуындағы маңызды кезеңдердің біріне айналды. Соңғы бір жылда жинақталған тәжірибе бұл технологияның негізгі емді толықтырып қана қоймай, пациенттердің өмір сапасын айтарлықтай жақсартуға ықпал ететінін көрсетті.