Басты бетПрезиденттік орталықта ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған сарапшылар кездесуі өтті

Президенттік орталықта ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған сарапшылар кездесуі өтті

Президенттік орталықта ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған сарапшылар кездесуі өтті Президенттік орталықта ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған сарапшылар кездесуі өтті Президенттік орталықта ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған сарапшылар кездесуі өтті

ҚР ПІБ Президенттік орталығында ШЫҰ-ның мерейтойына орай «Шанхай ынтымақтастық ұйымы: 25 жылдағы эволюциясы мен трансформациясы» тақырыбында сарапшылық кездесу өтті.

Қатысушылар ұйым қызметінің негізгі нәтижелерін, қазіргі заманғы сын-қатерлерді, сондай-ақ ынтымақтастықтың географиясы мен күн тәртібі кеңейіп отырған жағдайдағы оның одан әрі даму перспективаларын талқылады.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, талдау орталықтарының өкілдері, халықаралық қатынастар саласындағы отандық және шетелдік сарапшылар, сондай-ақ қазақстандық ЖОО-ның магистранттары, докторанттары мен профессорлық-оқытушылық құрамы – барлығы 70-ке жуық адам қатысты.
Кездесуді ашқан Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат жаһандық сын-қатерлер күшейіп отырған жағдайда тұрақты даму мен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған көпжақты ынтымақтастық форматтарының маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

«Мұндай жағдайда мемлекетаралық және халықаралық ынтымақтастық аясындағы көпжақты күш-жігерге ерекше үміт артылады. Осы тұрғыда 15 маусым күні өзінің 25 жылдығын атап өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының орны айрықша», – деді ол.

ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев Қазақстанның ұйымның негізін қалаушы мемлекет ретінде оның дамуына әрдайым белсенді қатысып келе жатқанын, өңірлік қауіпсіздікті нығайту, өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі бастамаларды тұрақты түрде ілгерілетіп отырғанын атап өтті.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстан Республикасының ШЫҰ қызметі мәселелері жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Мұрат Мұқышев бүгінде ұйым халықаралық және өңірлік үдерістерде маңызды рөл атқаратынын, оның құрамына Еуразия аумағының 60%-тен астамын және әлем халқының жартысына жуығын қамтитын мемлекеттер кіретінін атап өтті.

Қырғыз Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық бастамалар институты директорының орынбасары Тимур Абылаев ШЫҰ-ның 25 жыл ішінде Еуразиядағы мүше он мемлекетті біріктіретін негізгі көпжақты алаңдардың біріне айналғанын айтты.

Шанхай қоғамдық ғылымдар академиясы жанындағы ШЫҰ зерттеу орталығының директоры Ли Лифань ұйымның өңірдегі тату көршілік қатынастарды, өзара сенім мен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудың маңызды тетігіне айналғанын атап өтті.

Сондай-ақ Қазақстан, Өзбекстан және Ресейдің талдау институттарының өкілдері мен ғылыми қауымдастық мүшелері сараптамалық баяндамалар жасады.

Пікірталас барысында қатысушылар Еуразия кеңістігіндегі өңірлік қауіпсіздік, экономикалық өзара іс-қимыл, көлік-логистикалық байланыстар және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл тетіктерін одан әрі жетілдіру, сарапшылық диалогты нығайту және қазіргі халықаралық сын-қатерлер жағдайында Ұйым қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірленді.

Сонымен қатар Президенттік орталықта ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған қор көрмесі ашылып, онда 40-тан астам экспонат ұсынылды.