Қазақстан жоғары технологиялық медициналық көмек, білікті мамандар мен кешенді қызмет көрсету арқылы медициналық туризм нарығындағы өз әлеуетін нығайтып келеді. Осы бағыттың дамуына елеулі үлес қосып отырған мекемелердің бірі – жыл сайын шетелден мыңдаған пациент қабылдайтын ҚР ПІБ Медициналық орталығы.
2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Ұлттық госпиталь 400-ге жуық пациентке медициналық көмек көрсетті. Олардың басым бөлігі Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, АҚШ және Қытай елдерінен келген. Ең сұранысқа ие бағыттар қатарында нейрохирургия мен неврология, кардиология, урология, терапия және стоматология бар.
Медициналық орталық ауруханасына да шетел азаматтарының қызығушылығы жоғары. 2025 жылы мұнда 900-ден астам медициналық турист ем қабылдаса, биылғы жылдың алғашқы бес айында олардың саны 500-ден асты. Пациенттер саны бойынша көш бастап тұрған елдер – Ресей, АҚШ, Қытай, Тәжікстан, Германия мен Ұлыбритания. Сонымен қатар Италия, Франция, Болгария, Аустралия және басқа да мемлекеттердің азаматтары медициналық көмекке жүгінген. Ең сұранысқа ие бағыттар қатарында кардиохирургия, оториноларингология, нейрохирургия, травматология, сондай-ақ кешенді check-up пен диагностикалық бағдарламалар бар.
Медициналық туризмнің дамуына медициналық қызметтердің жоғары сапасы ғана емес, шетелдік пациенттер үшін қолайлы жағдайлардың жасалуы да ықпал етуде. Олар үшін виза мен қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсету, трансфер ұйымдастыру, қонақүй брондау, емдеудің барлық кезеңінде сүйемелдеу және ақпараттық қолдауды қамтитын арнайы қызмет көрсету пакеттері әзірленген.
Сарапшылардың пікірінше, емдеу нәтижелерінің жоғары тиімділігі мен заманауи медициналық технологиялардың кеңінен енгізілуі Қазақстанның жоғары технологиялық медицина орталығы ретіндегі оң имиджін қалыптастыруға ықпал етуде. Сонымен қатар Медициналық орталық мамандарының халықаралық көрмелерге, ғылыми конференцияларға және кәсіби қауымдастықтардың жұмысына белсенді қатысуы отандық денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.
Шетелдік пациенттер санының артуы қазақстандық медицинаға деген сенімнің күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Медициналық туризм денсаулық сақтау саласын дамытудың маңызды бағытына айналып қана қоймай, еліміздің халықаралық беделін нығайтуға да үлес қосуда. Бұл өз кезегінде Қазақстанға ем іздеп келетін шетелдік азаматтар санының одан әрі артуына әсер етеді.