Медициналық орталық ауруханасының Диабетті аяқ орталығында қант диабетінің тамырлық асқынуларын емдеудің заманауи аз инвазивті әдістері қолданылады. Бұл тәсілдер қан айналымын қалпына келтіруге және төменгі аяқ-қолдардың ампутациялану қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді. Қант диабеті – кең таралған созылмалы аурулардың бірі. Оның ауыр асқынуларының қатарында диабетті табан синдромы бар. Уақтылы ем жүргізілмеген жағдайда бұл дерт аяқ-қолдың ампутациялануына соқтыруы мүмкін.
Жыл сайын Орталықта аталған синдром мен төменгі аяқ-қолдардың критикалық ишемиясы диагнозы қойылған жүздеген науқасқа мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Диабетті аяқ орталығының меңгерушісі Абылай Сейітқалиевтің айтуынша, соңғы жылдары ауыр тамыр асқынулары еңбекке қабілетті жастағы науқастар арасында жиі анықталуда.
Қант диабеті қан тамырларын біртіндеп зақымдап, әсіресе төменгі аяқ-қол тіндерінің қанмен қамтамасыз етілуін нашарлатады. Соның салдарынан тіпті болмашы жарақаттардың өзі ұзақ уақыт жазылмай, ойық жаралардың, инфекциялық асқынулардың және гангренаның дамуына себеп болуы мүмкін.
Қан айналымын қалпына келтіру үшін Орталық мамандары заманауи эндоваскулярлық және гибридті технологияларды пайдаланады. Олардың қатарында баллонды ангиопластика, артерияларды стенттеу және созылмалы окклюзияларды реканализациялау әдістері бар. Мұндай араласулар тамырға жасалатын шағын тілік арқылы орындалып, жарақаты аз болады әрі түрлі аурулары бар науқастардың оңалу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Емдеу үдерісі мультидисциплинарлық мамандар тобының қатысуымен жүргізіледі. Науқастың жағдайына қарай емге эндокринологтар, хирургтар, кардиологтар, неврологтар, нефрологтар және реабилитологтар тартылады. Кешенді тәсіл қант диабетін бақылауға, қан айналымын қалпына келтіруге, инфекциямен күресуге және қатар жүретін ауруларды түзетуге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, ауыр асқынулардың алдын алуда медициналық көмекке дер кезінде жүгіну – шешуші рөл атқарады. Қант диабеті бар адамдарға эндокринологтің тұрақты бақылауында болып, аяқтарын күн сайын қарап отыру және жүру кезіндегі ауырсыну, ұю, аяқтың мұздауы немесе ұзақ уақыт жазылмайтын жаралар пайда болған жағдайда аяқтағы қан тамырларын тексеруді кейінге қалдырмау ұсынылады.
Заманауи технологиялар мен кешенді тәсілдің арқасында Медициналық орталық ауруханасының мамандары қант диабетінің ауыр тамырлық асқынулары кезінде де науқастардың аяқ-қолдарын сақтап қалуға мүмкіндік алып отыр. Бұл мүгедектіктің алдын алуға және пациенттердің өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.