Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасында қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба жүргізіліп жатыр. Бастама «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында іске асырылып, мемлекеттік мекемелерде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Қызметкерлер үшін қағазды, пластикті және өзге де қалдықтарды сұрыптауға қолайлы жағдай жасалған. Әкімшілік ғимараттарда арнайы экобокстар орнатылып, қайта өңдеу үшін жиналған шикізат арнайы кәсіпорындарға жіберіледі. Бұл материалдарды қайта айналымға енгізуге және полигондарға жөнелтілетін қалдықтар көлемін азайтуға мүмкіндік береді.
Жоба 2026 жылғы 4 мамырда іске қосылды.
Жүйені енгізу алдында кешенді дайындық жұмыстары жүргізілді. Қызметкерлер үшін «Таза Қазақстан» акциясына қатысу мәселелері бойынша таныстырылым және түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды, сондай-ақ қалдықтарды жинау мен шығаруға жауапты мамандар оқытылды. Бұдан бөлек, мұрағат құжаттарын жою кестесі әзірленді.
Сұрыптауды жеңілдету мақсатында кабинеттер мен санитариялық бөлмелерге түстері таңбаланған контейнерлер орнатылды. Атап айтқанда, жасыл түсті контейнерлер қағазға, көк түстілері пластикке, ал сұр түстілері өзге қалдықтарға арналған. Қағаз және пластик қалдықтар күнара шығарылса, аралас қалдықтар күн сайын әкетіледі.
Алғашқы нәтижелер жобаның тиімділігін дәлелдеп отыр. 4-21 мамыр аралығында қайта өңдеуге 3,3 текше метр қағаз қалдығы және 1,1 текше метр пластик жіберілді. Осындай көлемдегі қайта өңделген материалдардан көшеге қойылатын ондаған пластик қоқыс жәшігін, мыңдаған қағаз қаптама мен крафт-пакеттерді немесе жүздеген мектеп дәптерін өндіріп шығаруға болады.
Қалдықтарды бөлек жинау жүйесі Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының мемлекеттік ұйымдар қызметіне экологиялық жауапты тәсілдерді енгізу бағытындағы нақты қадамдарының біріне айналды. Бұл бастама қалдықтар көлемін азайтуға және оларды қайта пайдалануға мүмкіндік беріп қана қоймай, қоршаған ортаға саналы көзқарас қалыптастыруға да ықпал етеді. Мұндай тәсіл тазалықты сақтау, экологиялық жауапкершілік пен қоршаған ортаға қамқорлықты күнделікті өмір мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналдыруды көздейтін «Таза Қазақстан» республикалық акциясының қағидаттарына толық сәйкес келеді.