2014 жылғы 16 қарашадан 17 қарашаға қараған түні «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жедел тобы аумақты патрульдеу барысында «Бұланды» филиалының Қарақоға орманшылығында заңсыз аң аулау фактісін анықтаған деп хабарлайды ҚР Президенті Іс басқармасының баспасөз қызметі.
Рейд жүргізу барысында Мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторлары атыс дыбысын естіп, орнына барғанда қаскүнемдер жол таңдамайтын көлікпен жасырынып үлгерген.
МҰТП инспекторлары автокөлікті қуу барысында оның Степняк қаласында орналасқанын анықтап, Еңбекшілдер аудандық ішкі істер бөлімінің жедел тобын шақыртты.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері көліктің жүксалғышында екі еліктің өлі денесін тапты.
Ұлттық паркке 370 мың теңгеден астам сомаға зиян келтірілген
Істің материалдары Еңбекшілдер аудандық ішкі істер бөліміне жіберілді. Тергеу амалдары жүргізілуде.