Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында Президент Телерадиокешені мен «Татмедиа» өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа Президент Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева мен «Татмедиа» бас директоры Шамиль Садықов қол қойды. Меморандум «Қазинформ» халықаралық ақпарат агенттігінің тарихи әріптестік байланыстарын жаңғырту бағдарламасы аясында жасалып, «Татар-информ» ақпарат агенттігімен кәсіби қарым-қатынасты қайта жандандыруды көздейді.
«Құрамына телеарналар, радиолар және ақпарат агенттіктері кіретін медиа ұйымдар ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам басты. Медиаконтентті өндіру және тарату бағытында өзара ықпалдастықтың әлеуеті зор», – деп атап өтті Раушан Қажыбаева.
Өз кезегінде Шамиль Садықов қол жеткізілген келісімдер Президент Телерадиокешені мен «Татмедиа» арасындағы кәсіби диалогты нығайтып, өңірдегі маңызды оқиғаларды жариялауда өзара қолдау көрсетуге, тәжірибе алмасуға және медиаөндірістегі озық тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Тараптар телевизиялық, радиолық және цифрлық контент алмасу, ақпараттық және деректі жобаларды бірлесіп әзірлеу, журналистерге арналған шығармашылық және білім беру бастамаларын жүзеге асыру бағыттарында ынтымақтастықты дамытуға келісті.
Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарымен әріптестікті кеңейту ТМД кеңістігіндегі ақпараттық ықпалдастықты күшейтуге бағытталған. Бұған дейін осыған ұқсас құжаттарға ТАСС, АЗЕРТАДЖ, AnewZ, БЕЛТА, Кабар, ҰТРК, ТДХ, UZA, Ховар және басқа да ірі телерадио компаниялар мен ақпарат агенттіктері қол қойған болатын.
Сапар барысында «Татмедиа» бас директоры Шамиль Садықов Президент Телерадиокешенінің цифрлық бөлімшесінің жұмысымен танысты. Кездесу барысында мультимедиалық контент әзірлеу және оны ілгерілету, цифрлық ортадағы бірлескен жобаларды дамыту, сондай-ақ заманауи медиатехнологияларды енгізу мәселелері талқыланды.