Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы жүйесі қызметкерлерінің балаларына арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, ол шығармашылық, ойын-сауық пен көтеріңкі көңіл күй тоғысқан ортаға айналды.
Жас қатысушылар үшін «Бақытты балалық шақ» сурет пен «Шебер қолдар» қолданбалы өнер байқаулары өткізілді. Балалар өз қиялын, шығармашылық қабілеті мен шеберлігін танытуға мүмкіндік алды. Сайысқа 5 пен 12 жас аралығындағы балалар қатысты.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген ҚР ПІБ аппаратының басшысы Алмас Исаков балаларды алдағы мерекемен құттықтап, байқауларға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жас суретшілер мен қолөнер шеберлері түрлі бағыттағы және әртүрлі техникада орындалған жұмыстарын ұсынды. Көптеген сурет пен қолөнер туындылары өз идеяларымен, көркем безендірілуімен және ұсақ бөлшектерге мән берілуімен ерекшеленді. Байқау жұмыстарын бағалау кезінде комиссия шығармашылық көзқарасты, орындалу сапасын және тақырыпқа сәйкестігін назарға алды.
Мерекелік көңіл күй сыйлаған аниматорлар балаларға арналған ойындар, байқаулар мен қызықты интерактивті бағдарламалар ұйымдастырды. Қонақтарға арнайы тәтті дастарқан жайылды.
Шығармашылық байқаулардың қорытындысы бойынша барлық қатысушы алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталса, жеңімпаздарға қосымша арнайы сертификаттар мен дипломдар табысталды.
Іс-шара балалардың талантын танытуға мүмкіндік беріп қана қоймай, Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында қызметкерлердің отбасыларына көрсетілген қамқорлық пен қолдаудың жарқын көрінісіне айналды.