«Өзімді жақсы сезінемін, демек денсаулығым жақсы» деп ойлайтындар аз емес. Алайда кейбір аурулар ешқандай белгі бермей, жылдар бойы байқалмауы мүмкін. Сондықтан бүгінде шағым шықпай тұрып, ықтимал қауіптерді анықтауға мүмкіндік беретін профилактикалық диагностикаға деген сұраныс артып келеді.
Чек-аптың дәстүрлі медициналық тексерістен қандай айырмашылығы бар және дәрігерлер оны дені сау адамдарға да неге ұсынатыны туралы ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының чек-ап бөлімшесінің меңгерушісі Инна Адольф айтып берді.
Маманның айтуынша, чек-аптың басты мақсаты – ауруды анықтау ғана емес, адамның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
«Чек-ап – бұл жай ғана тексерілу емес, өз денсаулығыңа деген саналы көзқарас. Оның мақсаты – ағзаның қазіргі жағдайын бағалау, ықтимал қауіп факторларын анықтау және болашақта аурудың дендеуін алдын алу», – дейді Инна Адольф.
Медициналық орталық ауруханасындағы чек-ап бағдарламасы стандартты профилактикалық тексеруден ерекшеленеді. Әрбір бағдарлама пациентке жеке жасалады. Оны әзірлеу кезінде адамның жасы мен жынысы, тұқым қуалаушылық ерекшеліктері, өмір салты, созылмалы аурулары, күйзеліс деңгейі және шағымдары ескеріледі.
Пациенттердің қолайлығы үшін тексерулер «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастырылған. Мамандардың консультациялары мен диагностикалық зерттеулер алдын ала бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі. Соның арқасында чек-аптың негізгі кезеңдерінен бір күн ішінде өтуге мүмкіндік бар. Тексеру нәтижесінде пациентке толық медициналық қорытынды мен әрі қарай бақылау, емдеу немесе өмір салтын түзету бойынша кеңес беріледі.
Әртүрлі жас санатындағы адамдар үшін жеке тексеру бағдарламалары әзірленген. Олардың көлемі денсаулық жағдайына, қауіп факторларына және диагностиканың мақсатына байланысты анықталады.
Соңғы жылдары пациенттер арасында жиі кездесетін шағымдардың бірі – созылмалы шаршау, тексеріс кезінде оны анықтауға ерекше назар аударылады. Мұндай жағдайда тексеру бағдарламасына қанның жалпы және биохимиялық талдауы, ферритин, D және B9 дәрумендерінің деңгейін анықтау, қалқанша без гормондарын зерттеу, электрокардиография және ультрадыбыстық диагностика енгізілуі мүмкін.
Жыл сайын чек-ап бөлімшесінде 400-ден 500-ге дейін адам тексеруден өтеді. Мамандардың бақылауынша, дәл осындай профилактикалық тексерулер кезінде жүрек-қан тамырлары жүйесінің ақауы, эндокриндік және гастроэнтерологиялық аурулар, сондай-ақ адам бұрын білмеген басқа да патологиялар алғаш рет анықталып жатады. Олардың көпшілігі емдеу тиімді болатын ерте кезеңдерде анықталады.
«Ауру дер кезінде анықталса, адамның денсаулығын сақтап, ауыр асқынулардың алдын алу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады. Сондықтан чек-ап – бүгінгі денсаулыққа ғана емес, болашаққа жасалған инвестиция», – деп атап өтті Инна Адольф.
Чек-аптан кез келген жаста өту ұсынылады. Әсіресе созылмалы шаршау, жоғары күйзеліс деңгейі, қарқынды жүктеме, аз қимылдайтын өмір салты болған жағдайда, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары, эндокриндік, онкологиялық және асқазан-ішек жолдары ауруларына тұқым қуалайтын бейімділігі бар адамдар үшін оның маңызы зор.
Мамандар профилактикалық диагностика адамның өзін жақсы сезінуіне қарамастан маңызды екенін атап өтеді. Тұрақты тексерулер қауіп факторларын дер кезінде анықтауға, денсаулық жағдайын бақылауға және аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Денсаулыққа қамқорлық жас ұлғайғанда емес, адамды ештеңе мазаламай тұрған кезеңнен басталуы тиіс.