Бассейндер, сауналар мен моншалар көпшілік пайдаланатын нысандар қатарына жатады. Сондықтан мұндай орындарда санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы аса маңызды. Бақылау жеткіліксіз болған жағдайда бұл орындар жұқпалы аурулардың таралу көзіне айналуы мүмкін.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының санитариялық дәрігері Меруерт Атызованың айтуынша, мамандар су сапасы мен нысандардың санитариялық жағдайына ерекше көңіл бөледі. Ылғалды ортада кейбір микроорганизмдер мен паразиттер су мен жабдықтардың бетінде ұзақ уақыт сақтала алады. Олардың ішінде ішек инфекцияларын тудыратын лямблиялар мен криптоспоридиялар жиі кездеседі.
Қауіптің негізгі факторларының бірі – су сапасына бақылаудың жеткіліксіздігі. Су уақытылы тазартылып, залалсыздандырылмаса, бассейндердегі су патогенді микроорганизмдер көбейетін қолайлы ортаға айналады. Әсіресе адам көп келетін нысандарда қауіп деңгейі жоғары болады.
Қосымша қауіп душ бөлмелері, төсеніштер, тұтқалар, орындықтар мен киім ауыстыратын бөлмелер сияқты ортақ қолданыстағы орындарда да кездеседі. Жоғары ылғалдылық жағдайында микроорганизмдер ұзақ уақыт бойы тіршілік қабілетін сақтай алады.
Мамандар жеке бас гигиенасын сақтаудың маңызын да еске салады. Келушілерге бассейнге кірер алдында душ қабылдау және душ пен киім ауыстыратын бөлмелерде жеке аяқкиім пайдалану ұсынылады.
Нысандардағы санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өндірістік бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Оның аясында судың зертханалық зерттеуі жасалып, сондағы заттардың бетінен алынған шайындылар тексеріледі, залалсыздандыру шаралары жүргізіліп, жайлардың санитариялық жағдайы бақыланады.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының мәліметінше, 2024 жылы 78 сынама зерттеліп, 234 зерттеу жүргізілген. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіштер 115-тен астам сынама мен 405 зерттеуге дейін өсті. Зерттеулер көлемінің артуы көпшілік демалатын орындарда санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікке деген назардың күшейгенін көрсетеді.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығындағылар зертханалық бақылауды тұрақты түрде жүргізіп отыру – қауіпті дер кезінде анықтауға және көпшілік пайдаланатын нысандарға келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.