ҚР ПІБ Президенттік орталығының қызметкерлері көрнекті ақын, жазушы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына арналған «Тауды аласартпай, даланы асқақтату…» атты әдеби кеш ұйымдастырды.
Іс-шара Мемлекет басшысының «Оқу мәдениетін дамыту және оқырман ұлтты қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру аясында өткізілді.
Кітап вернисажының негізгі мақсаты қатысушыларды О. Сүлейменовтің бай шығармашылық мұрасымен таныстыру, патриоттық сезімді нығайту, ұлттық мәдениетті дәріптеу, сондай-ақ тарихи сана мен рухани бірлік идеяларын зерделеу.
Кездесу барысында қатысушылар қаламгердің көпқырлы қызметімен танысты. Атап айтқанда: «Олжас Сүлейменов феномені: ақын, ғалым, өркениетаралық тұлға», «АЗиЯ: тіл білімі мен тарихи пайымдаудағы ғылыми жаңашылдық», «Олжас Сүлейменов: экология, адамзат қауіпсіздігі және гуманизм», «Түркі әлемі және мәдени код мәселесі», сондай-ақ «Ақын шығармашылығындағы ғылым және ғарыштық сана: адамзат пен ғылым – біртұтас» тақырыптары талқыланды.
Талқылау барысында қатысушылар ақын идеяларының қазіргі әлемдегі өзектілігін атап өтіп, оның мәдениеттердің өзара ықпалдасуы, толеранттылық, гуманизм және ұлттық бірегейлікті сақтау жөніндегі көзқарастарының маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар іс-шара аясында автордың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, мұрағаттық бейнематериалдар көрсетілді.
Кездесу модераторы Әйгерім Асылбаева жазушының Қазақстан әдебиеті, ғылымы мен қоғамдық өмірінің дамуына қосқан елеулі үлесі туралы айтып берді. Өз сөзінде ол: «Мұндай іс-шаралар оқуға деген қызығушылықты арттыруға, патриоттық құндылықтарды нығайтуға және мәдени әртүрлілікті құрметтеуге маңызды үлес қосады», – деп атап өтті.