Жылы мезгілдің басталуымен пәтерлер мен үйлерде шыбын, шіркей және өзге де ұшатын жәндіктер жиі пайда бола бастайды. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының дезинсекция, дератизация және дезинфекция бөлімінің басшысы Олеся Негрийдің айтуынша, жәндіктер тек тұрмыстық қолайсыздық туғызып қана қоймай, денсаулыққа да қауіп төндіруі мүмкін.
Маманның сөзінше, жаз мезгілінде жәндіктердің көбеюіне қолайлы жағдайлар қалыптасады. Атап айтқанда, ауа температурасының жоғары болуы, ылғалдылық, тағам қалдықтары мен тұрмыстық қоқыс олардың көбеюіне әсер етеді.
«Шыбындар ашық қалған азық-түлікке, қоқыс пен органикалық қалдықтарға үйір. Ал шіркейлер көбіне жеміс-жидектердің, бөлме өсімдіктерінің, ылғалды топырақтың, су ағатын орындардың маңында пайда болады. Тіпті аз ғана ылғал немесе тағам қалдықтарының жиналуы олардың көбею ортасына айналуы мүмкін», – деді Олеся Негрий.
Маман шыбындардың ішек және паразиттік ауру қоздырғыштарын тасымалдауы мүмкін екенін еске салды. Лас жерлерде және қалдықтарға қонған шыбын-шіркей микроорганизмдерді азық-түлікке, ас үй ыдыстарына және тұрмыстық заттарға жұқтыруы ықтимал.
Сонымен қатар, шіркейлер мен шыбындардың кейбір түрлерінің шағуы қышыну, қызару, ісіну және аллергиялық реакциялар туғызуы мүмкін. Әсіресе бұл балалар мен сезімтал терісі бар адамдар үшін қауіпті.
Жәндіктердің пайда болу қаупін азайту үшін маман терезелер мен балкондарға масаға қарсы тор орнатуға, қоқысты уақытылы шығаруға, азық-түлікті ашық қалдырмауға, ас үй жабыдқтарын үнемі тазалап отыруға, жеміс-жидек пен көкөністерді тоңазытқышта немесе жабық ыдыста сақтауға, сондай-ақ бөлме өсімдіктерінің топырағын шамадан тыс ылғалдандырмауға кеңес береді.
Маманның айтуынша, профилактика жәндіктермен күрестегі ең тиімді тәсіл болып қала береді. Тұрақты тазалық сақтау, санитариялық талаптарды орындау және азық-түлікті дұрыс сақтау үй-жайдағы шыбын мен шіркейдің санын едәуір азайтып, отбасы үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.