Басты бетЦифрлық реттеу және ЖИ немесе Қазақстан алдында қандай құқықтық сын-қатерлер тұр

Цифрлық реттеу және ЖИ немесе Қазақстан алдында қандай құқықтық сын-қатерлер тұр

Цифрлық реттеу және ЖИ немесе Қазақстан алдында қандай құқықтық сын-қатерлер тұр

Жасанды интеллект біртіндеп күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналып, тек технология мен экономика саласына ғана емес, мемлекеттік институттардың жұмысына да ықпал ете бастады. Егер бірнеше жыл бұрын ЖИ болашақ технологиясы ретінде қабылданса, бүгінде мемлекеттер оны қолдану ережелерін әзірлеп, заңнаманы жаңа цифрлық жағдайларға бейімдеуде.

Парламентаризм институты Жария заңнама және мемлекеттік басқару орталығының бас маманы Әлімжан Иржановтың айтуынша, жасанды интеллектіні дамыту мемлекеттік басқару жүйесіне тікелей әсер етуі мүмкін.

Оның сөзінше, көптеген елде жасанды интеллект деректерді талдау, процестерді автоматтандыру және мемлекеттік қызметтер көрсету үшін қолданылып келеді. Мұндай технологиялар шешім қабылдау үдерісін жеделдетіп, мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ЖИ-дің дамуы құқықтық тұрғыда да жаңа сипаттағы мәселелерді көтеріп отыр.


Негізгі мәселелердің бірі  алгоритмдер қабылдаған шешімдер үшін жауапкершілікті кім алады? Мысалы, қателік жасанды интеллект жүйесінің жұмысы барысында орын алды делік. Бұл жағдайда жауапкершілік әзірлеушіге ме, бағдарлама иесіне ме, әлде пайдаланушыға жүктеле ме деген сұрақ туындайды. Қазіргі уақытта көптеген елдер жауапкершілік адамға немесе ұйымға жүктелуі тиіс деген ұстанымды қолдайды.

Сондай-ақ адам құқықтарын қорғау мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Жасанды интеллектіні пайдалану жеке өмірге қол сұқпаушылық, ақпаратқа қол жеткізу және заң алдындағы теңдік мәселелерін қамтиды. Сондықтан халықаралық тәжірибеде адам бақылауындағы, ашық әрі қауіпсіз «этикалық ЖИ»-ді дамыту тақырыбы жиі көтеріледі.

Қазақстан үшін цифрлық реттеуді дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Елімізде электрондық үкімет, цифрлық сервистер және жасанды интеллект технологиялары белсенді дамып келеді. Бұл өз кезегінде заңнамалық базаны одан әрі жетілдіруді талап етеді.

Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» заңы мен Цифрлық кодекстің қабылдануы. Бұл құжаттар заманауи цифрлық құқық жүйесінің негізін қалыптастырып, ЖИ-ді қолдану, деректер қауіпсіздігі және цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін реттейді.

Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллект қазірдің өзінде сот тәжірибесін талдау мен жекелеген құқықтық процестерді автоматтандыруда қолданылып жатыр. Алайда ЖИ құқық саласында адамды толықтай алмастыра алмайды, себебі құқық тек ақпаратты талдаумен ғана емес, моральдық және әлеуметтік аспектілермен де байланысты.

Бүгінде басты міндет технологияларды дамыту мен азаматтардың құқықтарын қорғауды қатар қамтамасыз ететін теңгерімді реттеу моделін қалыптастыру. Болашақта мемлекеттің цифрлық трансформациясының тиімділігі көп жағдайда осыған байланысты болмақ.