Бүгін Астана мен Алматы қалаларында Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына қарасты ұйымдардың қызметкерлері республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты.
Сенбіліктерге Алматы қаласындағы Әкімшілік ғимараттар дирекциясының, Ұлттық госпитальдың, «Almaty Resort» шипажайының, Президенттік орталықтың, МТҚБ Автошаруашылықтың және Әкімшілік ғимараттар дирекциясының 200-ден астам қызметкері қатысты.
Астанада «Батыс» саяжай алабында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. Алматыда қызметкерлер Ұлттық госпиталь аумағын және Бәйсейітова мен Шевченко көшелері бойындағы іргелес аумақтарды, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы саябақты, сондай-ақ «Almaty Resort» шипажайының 15 гектардан астам аумағын абаттандырды.
Акция аясында қатысушылар нөсерлі кәріз жүйелерін, көгалдарды тазалап, аумақтарды абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Бұл қоғамдық кеңістіктердің санитарлық жағдайын жақсартып, сыртқы көрінісінің көркеюіне ықпал етті. Нәтижесінде 300-ден астам қап қоқыс жиналып, шығарылды.
Экологиялық акцияларға қатысу экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдық жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға ықпал ететінін атап өткен жөн. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы мұндай іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп келеді.