Басты бетМедициналық орталық ауруханасының дәрігер-гематологы қан ауруларын анықтаудың заманауи әдістері т...

Медициналық орталық ауруханасының дәрігер-гематологы қан ауруларын анықтаудың заманауи әдістері туралы айтып берді

Медициналық орталық ауруханасының дәрігер-гематологы қан ауруларын анықтаудың заманауи әдістері туралы айтып берді

Елімізде қан ауруларын анықтаудың заманауи әдістері кеңінен қолданылады және қолжетімділігі артуда. Бұл туралы гематологиялық көмектің дамуы мен қан жүйесіндегі жасырын патологияларды ерте анықтаудың маңыздылығына қатысты сұхбатында Медициналық орталық ауруханасының дәрігер-гематологы Ермек Есжанов айтты.

Маманның айтуынша, көбіне адамдар әлсіздік, бас ауруы, жүрек қағысының жиілеуі, аяқ-қолдың ұюы, ісіну, беттің қызаруы, жиі есінеу, сондай-ақ қан ұюының бұзылыстары немесе қан тамырындағы мәселелерден туындайтын себепсіз көгерулер сияқты белгілерге мән бермейді. Осылайша медициналық көмекке ауру асқынған кезде жүгінеді.

Дәрігердің сөзінше, адамдар медициналық көмекке көбіне анемияға қатысты жүгінеді. Алайда, мұндай шағымдары бар пациенттер көбіне алдымен терапевт мамандарға қаралып жатады. Сонымен қатар ол жүктілікті көтере алмау, яғни дамымай қалған жүктілік пен түсік тастауға байланысты жағдайларды ерекше атап өтті. Мұндай жағдайларда гематологтар гинекологтармен және генетиктермен бірлесіп жұмыс істейді. Өйткені аталған жайттар тромбоз қаупінің жоғары болуынан және ұрықтың қанмен қамтамасыз етілуінің бұзылуынан болуы мүмкін.

«Гематологияда аурудың сипатын емес, себебін емдеу маңызды. Кейде кәдімгі анемияның артында мүлде басқа аурулар болуы мүмкін», - деді Ермек Есжанов.

Дәрігер бұрын тек шетелде ғана қолжетімді болған кейбір зерттеулер бүгінде Қазақстанда да біртіндеп енгізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, созылмалы миелолейкоз кезінде қолданылатын BCR/ABL маркерін анықтау және молекулалық диагностика қазірдің өзінде елімізде қолжтеміді.

Сондай-ақ отандық онкогематологияда емдеудің заманауи тәсілдері, оның ішінде таргеттік терапия енгізілуде.
Маман қанның жағдайына тікелей әсер ететін өмір салты бойынша негізгі ұсыныстарға да ерекше назар аударды. Атап айтқанда, су теңгерімін сақтау (дене салмағының әр килограмына шамамен 30 мл су), көбірек қозғалу, теңгерімді тамақтану және стресс деңгейін төмендету маңызды.

Ермек Есжанов қазақстандықтарды өзін-өзі емдеумен айналыспауға және профилактикалық тексерулерден тұрақты түрде өтіп тұруға шақырды. Негізгі тексерулер тізіміне жалпы қан талдауы, сондай-ақ темір мен ферритин деңгейін тексеру кіреді. Дәрігердің айтуынша, ерте диагностика қан ауруларын бастапқы сатысында анықтауға және емдеудің тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.