Парламентаризм институтының «Парламентаризм жаршысы» ғылыми-талдамалық журналының таныстырылымы өтті. Жаңа басылым парламентаризмді дамыту, заңнаманы жетілдіру және заманауи қоғамдық-саяси үдерістерді талдау мәселелеріне арналған.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, журнал тоқсан сайын электронды форматта жарық көреді. Басылым ғылыми, сарапшылық және кәсіби қауымдастық өкілдері арасындағы ашық диалог алаңына айналмақ.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Кітапханасында өткен таныстырылымда басылымның тұжырымдамасы, ғылыми миссиясы және цифрлық платформасының мүмкіндіктері туралы жан-жақты айтылды. Сонымен қатар заң шығару қызметінің сапасын арттыру, сарапшылық өзара іс-қимылды дамыту және парламенттік әрі академиялық қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шараға қатысушылардың пікірінше, елде жүргізіліп жатқан саяси және конституциялық реформалар жағдайында жаңа ғылыми журналды құру аса өзекті болып отыр. Бүгінде сапалы сараптамалық талдауға және заң шығару үдерістерін ғылыми сүйемелдеуге деген қажеттілік артып келеді.
Кездесу аясында журналды дамытудың негізгі бағыттары, жарияланымдарға қойылатын талаптар және ғылыми материалдарды рецензиялау рәсімдері де таныстырылды. Басылым мемлекеттік басқару және құқық саласындағы зерттеушілер, заңгерлер, сарапшылар мен практиктер үшін заманауи кәсіби алаңға айналады деп күтілуде.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері, сондай-ақ еліміздің жетекші заңгер-ғалымдары қатысты.