Елімізде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәсілі өзгеріп келеді. Бұрын құқықбұзушылықтарды тергеуге және кінәлілерді жазалауға басымдық берілсе, қазір мемлекет олардың алдын алуға көбірек көңіл бөлінуде. Мұндай тәсіл биыл 2 наурызда күшіне енген «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заңда көзделген.
Парламентаризм институты Сот жүйесі және құқық қорғау органдары орталығының бас маманы Серік Темірболатовтың айтуынша, жаңа заңның басты мақсаты салдармен күресу емес, құқықбұзушылыққа алып келуі мүмкін себептерді алдын ала анықтап және жою.
Сарапшының сөзінше, енді профилактика тек құқық қорғау органдарының ғана емес, мектептердің, әлеуметтік қызметтердің, медициналық ұйымдардың, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық институттардың да ортақ міндетіне айналып отыр. Мұндай тәсіл проблемаларды кешенді түрде шешуге және қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Заңда жеке профилактика шараларын кеңейту көзделген. Олардың қатарында ресми ескертулер, әлеуметтік бейімдеу және оңалту, кәмелетке толмағандарды педагогикалық сүйемелдеу, сондай-ақ жәбірленушілерді қорғау шаралары, оның ішінде жақындауға тыйым салу бар. Әсіресе, жасөспірімдер мен жастарға әлеуметтендіру және қоғамдық пайдалы қызметке тартуға бағытталған бағдарламалар арқылы ерекше көңіл бөлінбек.
Серік Темірболатов жаңа шараларды іске асыру барысында қоғамдық қауіпсіздік пен адам құқықтарын сақтау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, профилактика азаматтардың жеке өміріне негізсіз араласуға және кінәсіздік презумпциясын бұзуға жол бермей, заң аясында қатаң жүргізілуі тиіс.
Сарапшы өзекті мәселелердің бірі ретінде латентті, яғни жасырын қылмыстар туралы да сөз қозғады. Яғни, азаматтардың көмек сұрап мемлекеттік органдарға жүгінбеу жағдайлары әлі де кездеседі. Осыған байланысты қоғамның құқықтық тәртіп жүйесіне деген сенімі және профилактикалық жұмысқа қатысушылардың өзара тиімді іс-қимылы ерекше маңызға ие болмақ.