Президенттік орталықта Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған кездесу өтті. Шарада студенттер мен оқушыларға Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігі және сол кезеңнің тарихи жадысының бүгінгі күні қалай сақталып отырғаны туралы баяндалды.
Дәрісті Торайғыров университетінің тарихшысы, қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Аслан Азербаев жүргізді. Кездесуге Астана қаласындағы колледждер мен мектептердің 90-ға жуық студенті мен оқушысы қатысты.
Кездесуде майдан даласында қаза тапқан жауынгерлерді іздеу және қайта жерлеумен айналысатын іздестіру жасақтарының жұмысына ерекше назар аударылды. Мұндай экспедициялар белгісіз батырлардың есімдерін қалпына келтіріп, олардың тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.
Лектордың айтуынша, іздестіру жұмыстарына қатысушылар бүгінгі күнге дейін соғыс даласынан жауынгерлердің жеке заттары мен сүйектерін табуда. Бұл соғыс оқиғаларының тек оқулық беттерінде ғана емес, тірі тарихи жады ретінде сақталып отырғанын көрсетеді.
Кездесу соңында спикер өткенге құрмет отбасынан басталатынын атап өтті. Ол жастарды өз әулетінің тарихына қызығушылық танытып, соғыс ардагерлерінің естеліктерін сақтауға шақырды.