Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына қарасты ұйымдарда Қазақстан халқының бірлігі күніне орай мерекелік іс-шаралар легі өтті.
Мерекелік шаралардың басты алаңы «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені, сондай-ақ «Almaty Resort» және «Қазақстан» шипажайлары болды. Мұнда облыстық филармония өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Қонақтарға бірлік, көктемгі жаңару және мәдени үйлесім тақырыптарына арналған музыкалық шығармалар ұсынылды.
Мерекелік іс-шараларға өнер қайраткерлері мен арнайы шақырылған әртістер қатысты. Музыкалық және сахналық қойылымдар арқылы олар этносаралық келісім, ұлттық дәстүрлерге құрмет және мәдени дамудың маңыздылығы идеяларын жеткізді.
Мерекелік іс-шаралар Медициналық орталықтың «Қарлығаш» балабақшасында да өтті. Мұнда концерттік қойылымдар, этномәдени таныстырылымдар және «Достық жәрмеңкесі» атты қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Балалар Қазақстандағы түрлі этностардың дәстүрлерін ән, би және ұлттық тағамдар арқылы көрсетті.
Интерактивті форматтарға да ерекше назар аударылды. «Жас журналистер» бастамасы аясында балалар қонақтардан сұхбат алып, іс-шараларға белсенді қатысты. Сондай-ақ достық пен өзара құрметке арналған «Достығымыз жарасқан» фестивалі өтті.
Өткізілген іс-шаралар қоғамдық келісімді нығайтудың, мәдени әртүрлілікті сақтаудың және түрлі буынды біріктіретін Қазақстан халқының бірлігі атмосферасын қалыптастырудың маңыздылығын айқындады.