Басты бетЗертханалар санитариялық-эпидемиологиялық зерттеулердің сапасы мен жылдамдығын қалай арттыруда

Зертханалар санитариялық-эпидемиологиялық зерттеулердің сапасы мен жылдамдығын қалай арттыруда

Зертханалар санитариялық-эпидемиологиялық зерттеулердің сапасы мен жылдамдығын қалай арттыруда

Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының зертханаларында заманауи зертханалық ақпараттық жүйелер (LIS) белсенді түрде енгізілуде.

LIS (Laboratory Information System) зертхананың жұмыс циклін толық автоматтандыратын бағдарламалық кешен, яғни сынамаларды тіркеуден бастап ресми қорытынды беруге дейінгі барлық үдерісті қамтиды. Жүйе зерттеудің барлық кезеңдеріне үздіксіз бақылау жүргізуді қамтамасыз етеді, деректердің жоғалуын болдырмайды және үдерістердің ашықтығын арттырады.

LIS енгізу зертханалар жұмысын едәуір жаңғыртуға мүмкіндік берді. Бүгінде жүйе су, ауа, топырақ, тағам өнімдері және басқа да нысандардың сынамаларын тіркеу мен есепке алуды, зерттеу нәтижелерін бірыңғай қорғалған дерекқорда сақтауды, сынақ хаттамаларын автоматты түрде қалыптастыруды және зертханалық зерттеулердің сапасын барлық кезеңдерде бақылауды қамтамасыз етеді.

Цифрландырудың арқасында адам факторына байланысты қателіктер ықтималдығы айтарлықтай төмендеп, нәтижелерді өңдеу жылдамдығы артты. Зертхана мамандары ұсақ жұмыстардан босап, аналитикалық және сараптамалық қызметке көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік алды.

Қазіргі уақытта зертханалық зерттеулердің барлық нәтижелері электрондық форматта рәсімделеді. Ай сайын зертханаларда 2 000-ға дейін электрондық сынақ хаттамасы қалыптастырылады, бұл уақыт және кадрлық ресурстарды тиімді оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Құжаттардың заңдық маңыздылығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Әрбір хаттама электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қойылып, автоматты түрде QR-кодпен қамтамасыз етіледі. Бұл тапсырыс берушілерге құжаттың түпнұсқалығын смартфон арқылы жедел тексеруге мүмкіндік береді. Электрондық хаттамалар толық заңды күшке ие және қағаз нұсқаларымен теңестіріледі.

LIS жүйесін зертханалық жабдықтармен және басқа ақпараттық жүйелермен біріктіру жұмыс тиімділігін одан әрі арттырып, үдерістерді ыңғайлы әрі технологиялық тұрғыда тиімді етеді.

Зертханалық ақпараттық жүйелерді енгізу цифрлық денсаулық сақтауды дамытудағы маңызды қадам болып табылады және зерттеулер сапасын арттыруға ықпал етіп, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатының жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.