Бүгін Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының орталық аппараты мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері қатысты.
ПІБ орталық аппаратының қызметкерлері «Мөлдір бұлақ» бастамасы аясында Қарасу өзенінің аумағында және қала тұрғындарының демалысы мен балық аулауына ең қолайлы орындарының бірі саналатын Есіл өзенінің жағалауында санитариялық тазалау жұмыстарын жүргізді.
ПІБ-ке қарасты ұйымдардың қызметкерлері Ақмола облысындағы «Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында, «Оқ-Жетпес» және «Ақбура» шипажайларында, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардың аумақтары мен нысандарында сенбіліктер өткізді.
Жалпы экологиялық акцияға 1700-ден астам қызметкер қатысты. Сенбілік қорытындысы бойынша 1150-ден астам қап қоқыс жиналып, 20-дан астам көшет отырғызылды. Қоғамдық кеңістіктерді, жағалау аймақтарын және өзен арналарын санитариялық тазалау, сондай-ақ ағаштар мен жол жиектерін әктеу жұмыстарын қамтитын ауқымды абаттандыру шаралары жүргізілді.
Экологиялық акцияларға қатысу қоршаған ортаның санитариялық жағдайын жақсартуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдық жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы аумақтарды абаттандыру және тазалықты сақтау бағытында жүйелі түрде іс-шаралар өткізеді.