Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында екі елдің ірі медиахолдингтері арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа ҚР Президенті Телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева және Моңғолияның Ұлттық қоғамдық радио және теледидары (MNB) бас директоры Герель Ганхуяг қол қойды.
Аталған меморандум медиа саладағы әріптестікті дамытуға негіз қалайды. Тараптар бірқатар маңызды бағыттар бойынша өзара іс-қимылды күшейтуге уағдаласты.
Медиа контент алмасу, бірлескен жобалар өндіру, мамандардың тағылымдамадан өтуі мен біліктілігін арттыру, сондай-ақ медиа өнімдерді ұлттық және халықаралық деңгейде ілгерілету көзделген.
Бұдан бөлек, құжатта онлайн-платформалар, әлеуметтік желілер және мультимедиалық өнімдерді қамтитын заманауи цифрлық форматтар бойынша ынтымақтастықты дамыту қарастырылған.
Сондай-ақ екі елдің туристік, мәдени және экономикалық әлеуетін танытуға бағытталған бірлескен медиажобаларға ерекше мән берілген.
Айта кетейік, ҚР Президентінің телерадиокешені Мемлекет басшысының қызметін ақпараттық тұрғыда қамтамасыз ететін ірі медиа құрылым. Оның құрамына «Jibek Joly» телеарнасы мен радиосы, Деректі кино орталығы, сондай-ақ алты тілде ақпарат тарататын «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі кіреді.