ҚР ПІБ Президенттік орталығында Қазақстан жерінен Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына 65 жыл толуына және ғарыш туризмінің 25 жылдығына арналған «Кеттік! 65 жыл бұрын…» атты архивтік-иллюстрациялық көрменің ашылуы өтті.
Көрменің серіктестері ретінде Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ғарыш саласындағы қазақстандық кәсіпорындар және «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихы музейі қатысты.
Көрменің мақсаты адамзаттың ғарышқа алғаш ұшуынан бастап Қазақстанның қазіргі заманғы ғарыш саласының қалыптасуы мен дамуына дейінгі тарихи сабақтастықты көрсету, сондай-ақ еліміздің жетістіктеріндегі оның рөлін айқындау. Сонымен қатар, көрме Қазақстанның ғарыш мұрасын насихаттауға және саланың инновациялық дамуының үлгісі ретінде коммерциялық ғарыш туризмінің 25 жылдығын танытуға бағытталған.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері, ғарыш қызметі саласындағы кәсіпорындардың қызметкерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттерін қоса алғанда барлығы 100-ге жуық адам қатысты.
«12 сәуірде бүкіл адамзат адамның ғарышқа алғаш ұшқанына 65 жыл толуын атап өтеді. Бұл күн Қазақстан үшін ерекше мәнге ие. Өйткені дәл осы қазақ жерінде адамзат өркениетінің ғарыш дәуірі бастау алды. Ғарыш саласы үшін мерейтойлық бұл жылдың еліміздің тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келуі де терең символдық мәнге ие. 1991 жылы Қазақстан егемендігінің символдық бастауы Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуымен астасып жатыр. Аталған тарихи оқиғаның 35 жылдығымен қатар, биыл біз оның 80 жылдық мерейтойын да атап өтеміз. Сондай-ақ, биыл тағы бір даңқты қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаевтың 75 жылдығы аталып өтер еді», – деді өз сөзінде Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.
Көрмеде 30-ға жуық музейлік экспонат пен 60-тан астам архивтік материал ұсынылған.
Айта кету керек, көрме екі бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімде «Шексіз ғарышқа алғашқы қадам» деп аталып, Юрий Гагариннің ғарышқа алғашқы ұшуының тарихи маңызын көрсетілсе,«Қазақстан және ғарыш» атты бөлімде Қазақстан Республикасының ғарыш саласының дамуы туралы материалдар ұсынылған. Негізгі назар қазақстандық ғарышкерлердің жетістіктеріне аударылған. Оның ішінде Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов секілді ғарышкерлеріміз бар. Сонымен қатар, бұл бөлімде алғашқы ғарыш туристі Деннис Титоның ұшуы туралы да баяндалады.
«Біздің отбасы Байқоңырда отыз үш жыл өмір сүріп, еңбек етті. Журналист ретінде мен қазақстандық ғарыш тарихына қатысу бақытына ие болдым. Бұл мен үшін үлкен шабыт көзі. Өйткені бұл жай ғана тарих беттері емес.Бүгінгі көрме жұлдыздарға жол ашқан жандарға деген құрмет пен тағзым», – деді Байқоңыр қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, қазақстандық ғарыш шежірешісі Сара Нұрғалиева.
Ресми ашылу рәсімінің соңында С. Нұрғалиева Қазақстан Республикасы Президенттік орталығына қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі авторлық тақырыптық басылымдарын сыйға тартты.