Адам миы оның ағзасындағы ең күрделі жүйе, ал оған жасалатын әрбір ота аса жоғары дәлдік пен жауапкершілікті талап етеді. ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының нейрохирургі Исламбек Мұсабековтің айтуынша, бір ғана хирургиялық шешім науқастың сөйлеу, қозғалыс және жалпы өмір сапасына тікелей әсер етеді. Дәрігер аптасына кем дегенде бес операция жасайды. Ал әрбір жағдай жеке қаралып, нақты клиникалық көрсеткіштерге сай жоспарланады.
Дәрігердің кәсіби дамуы халықаралық тәжірибемен тығыз байланысты. Ол Жапонияның Нагоя қаласындағы Fujita Health University Hospital базасында 2 айлық тағылымдамадан өтіп, микрохирургия, эндоскопиялық және эндоваскулярлық әдістерді жетілдірген. Жапон нейрохирургиясының басты ерекшелігі – аз инвазиялы тәсілдерге басымдық беру: шағын тілік, жоғары дәлдік және операциядан кейінгі оңалту мерзімін қысқарту. Бұл тәсілдер заманауи нейронавигация және нейромониторинг жүйелерімен тығыз байланысты.
Қазіргі таңда нейрохирургияда технологиялық серпіліс байқалады. Соның ішінде deep brain stimulation (DBS) әдісі ерекше орын алады. Бұл ми құрылымдарын арнайы импланттарды қолада отырып стимуляциялау арқылы бұзылған функцияларды қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жасанды интеллект негізіндегі нейронавигация, ультрадыбыстық допплерография (УЗДГ) және виртуалды шындық (VR) технологиялары операция кезінде нақты уақыт режимінде визуализацияны қамтамасыз етеді. Нәтижесінде хирургиялық араласулардың дәлдігі артып, қауіпсіздік деңгейі едәуір жоғарылайды.
Маманның пікірінше, ми ауруларының, әсіресе инсульттің «жасаруы» – қазіргі өмір салтының салдары. Төмен физикалық белсенділік, дұрыс тамақтанбау және созылмалы стресс қан тамырлары патологияларының өсуіне әкеледі. Алдын алу үшін тәулігіне 7-8 сағат ұйқы, тұрақты қозғалыс және жеткілікті су ішу ұсынылады.