Көктем мезгілі көп адам үшін күн жылынатын, өсімдіктердің гүлдейтін тамаша маусым саналады. Алайда, аллергиясы бар адамдар үшін бұл маусым көбіне аллергиямен күрес кезеңі саналады. Түшкіру, мұрын бітелуі, қышу және көзден жас ағуы бір қарағанда қарапайым суық тию симптомы болып көрінуі мүмкін, дегенмен мұның себебі аллергиялық ринит болуы ықтимал. ҚР ПІБ Медициналық орталық Ауруханасының жоғары санатты аллерголог дәрігері Ботагоз Дәулетованың айтуынша, аллергияның басты ерекшеліктерінің бірі температураның жоқтығы және симптомдардың маусымдық қайталануы, яғни олар жыл сайын өсімдіктер гүлдеген кезеңде қайталанады.
Маманның сөзінше, сырқат бұрын аллергиясы болмаған адамда да белгі беруі мүмкін. Бұл ұзақ уақыт аллергенмен байланыста болу және иммундық жүйенің ерекшеліктерімен байланысты. Симптомдардың пайда болуына вирустық инфекциялар, шамадан тыс шаршау немесе организмнің қорғаныс функцияларының әлсіреуі себеп болуы мүмкін, нәтижесінде аллергиялық қабыну байқалады.
ҚР ПІБ Медициналық орталық Ауруханасында аллергияны диагностикалаудың заманауи әдістері қолданылады. Пациенттерге тері тесттері мен қанның ИФА әдісімен зерттеулері қолжетімді. Сонымен қатар, арнайы диагностикалық панельдер қолданылады, олар өсімдіктердің тозаңына, тұрмыстық және саңырауқұлақ аллергендеріне, сондай-ақ тағам өнімдеріне реакцияны тексеруге мүмкіндік береді. Мысалы, тағамдық панельде адамның күнделікті рационына кіретін шамамен 44 түрлі өнім көрсетілген. Мұндай тәсіл себеп-салдарлы аллергенді дәл анықтап, тиімді емдеуді таңдауға мүмкіндік береді.
Дәл диагностика сондай-ақ аллерген-спецификалық иммуннотерапия (АСИТ) жүргізуге жол ашады. Бұл емдеу әдісі шамамен 80–90% жағдайларда тиімділігін көрсетеді және себеп-салдарлы аллергенді организмге біртіндеп енгізу арқылы жүзеге асады. Терапия курсы 2–5 жылға созылады және организмде аллергенге тұрақтылық қалыптастыруға көмектеседі. Дәрігерлер уақытында маманға жүгіну және дұрыс емдеу аллергия спектрінің кеңеюін болдырмауға және бронхиалды астма даму қаупін төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.