Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасында мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына жол бермеу және лудоманияның алдын алу тақырыбында семинар өтті.
Семинарды кіріспе сөзбен Ұйымдастыру-бақылау және кадр бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ПІБ Әдеп жөніндегі уәкіл Шолпан Жұмағұлова ашты. Ол өз сөзінде қызметтік әдеп нормаларын сақтау қажеттілігі мен мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына жол бермеудің маңыздылығын атап өтті.
Шақырылған спикер ретінде Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяларды реттеу Комитетінің мониторинг және профилактика Басқармасының басшысы Абдель Балтатегі сөз сөйледі.
Іс-шара барысында құмар ойындарға, спорттық бәстерге және лотереяларға құмарту себептері, сондай-ақ олардың әртүрлі жас және әлеуметтік топтар арасында таралуы талқыланды.
Ойынға тәуелділіктің әлеуметтік-экономикалық салдарына, оның мемлекеттік қызметшілердің кәсіби тұрақтылығы мен адалдығына әсеріне баса назар аударылды. Заңсыз ойын қызметіне қатысқаны үшін тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті көздейтін заңнама нормалары түсіндірілді.
Сондай-ақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңына енгізілген өзгерістер жан-жақты қарастырылды. Аталған өзгерістерге сәйкес мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар мен бәстерге қатысуға тыйым салынады.
Семинар соңында қатысушылар спикерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, лудоманияның алдын алу бойынша пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.