Қазақстан Республикасының Іс басқармасының Медициналық орталығына қарасты Ұлттық госпитальде асқазан-ішек жолдары ауруларын диагностикалау мен емдеуде заманауи ғылыми тәсілдер белсенді енгізілуде. Бұл туралы эндоскопия бөлімінің меңгерушісі, эндоскопшы дәрігер-хирург, Еуропа гастроэнтерологтар қауымдастығының мүшесі Шоқан Секербеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі медицина ғылыми деректерге негізделіп дамып келеді және дәлелді медицинаның рөлі айтарлықтай артқан. Әсіресе асқазан-ішек жолдары ауруларын ерте диагностикалау мен емдеуде эндоскопиялық технологиялардың мүмкіндіктері едәуір кеңейген. Биопсия алу, морфологиялық зерттеулер жүргізу және нақты диагноз қою қауіпті ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, эндоскопиялық зерттеулерге жасанды интеллект элементтері енгізілуде. Бұл технологиялар көзге көрінбейтін патологиялық өзгерістерді анықтауға көмектесіп, диагностиканың дәлдігін арттырады. Әсіресе тоқ ішек ісіктерін ерте анықтауда маңызы зор.
Ш. Секербеков атап өткендей, асқазан-ішек ауруларының кең таралуының негізгі себептері – дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы және созылмалы стресс. Атап айтқанда, Helicobacter pylori инфекциясы әлем халқының шамамен 50 пайызында кездеседі және гастрит пен асқазан жарасының негізгі себептерінің бірі.
Семіздік мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, дамыған елдерде халықтың 45–70 пайызында артық салмақ бар. Бұл өз кезегінде жүрек-қантамыр ауруларының, қант диабетінің және онкологиялық аурулардың даму қаупін арттырады. Осыған байланысты Ұлттық госпитальде салмақты төмендетудің ғылыми негізделген әдістері енгізілуде. Солардың бірі асқазанішілік баллон орнату.
Бұл технология асқазан көлемін уақытша кішірейті арқылы тәбетті төмендетіп, калория тұтынуды шектеуге мүмкіндік береді. Процедура эндоскопиялық әдіспен жүргізіледі және хирургиялық араласуды қажет етпейді. Шоқан Секербековтің айтуынша, бұл әдіс консервативті ем нәтиже бермеген жағдайларда қолданылады және кешенді терапияның бір бөлігі ретінде қарастырылады.
Жалпы, Ұлттық госпитальде медицина ғылымының жетістіктерін енгізу, заманауи технологияларды қолдану және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда.