Президенттік орталықта «Адами капитал – мемлекет дамуының негізі» тақырыбында панельдік пікірталас өтті. Іс-шара ел дамуына жастардың қосатын үлесі мен оларды белсенді азаматтық ұстанымға, кәсіби және тұлғалық өсуге ынталандыру мәселелеріне арналды. Кездесуге Астана және Алматы қалаларындағы жоғары оқу орындарының 60-қа жуық студенті қатысты.
«Адами капитал – Қазақстанның басты байлығы. Бүгінде жастардың білімі, құзыреті және белсенді азаматтық ұстанымы прогрестің қозғаушы күшіне айналуда. Сіздер болашақ мамандар, ғалымдар, педагогтер, дәрігерлер – мемлекеттің зияткерлік және кәсіби негізін қалыптастырасыздар», – деп атап өтті ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов адами капиталды дамыту – білімге, денсаулыққа және азаматтардың бәсекеге қабілеттілігіне салынатын инвестиция екенін айтты. Қазіргі заманда кәсіби дағдылармен қатар табандылық, тәртіп, тез бейімделу және шешім қабылдай білу сияқты жеке қасиеттердің де маңызы зор екені атап өтілді.
Өз тәжірибелерімен танымал тұлғалар да бөлісті. Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова жан-жақты дамудың және мақсатқа ұмтылудың маңызын атап өтсе, кәсіпкер Асылжан Қази бизнес бастау кезіндегі қиындықтарды еңсеру және жеке жауапкершіліктің мәні туралы айтты.
Пікірталасқа қатысушылар кәсіби және тұлғалық даму бойынша практикалық ұсыныстар алып, адами капиталды дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, сарапшылармен тәжірибе алмасты.
Мұндай форматтағы іс-шаралар жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, көкжиегін кеңейтуге және мемлекет, қоғам мен жаңа буын арасындағы диалогты нығайтуға ықпал етеді.