Әкімшілік ғимараттар дирекциясының қызметкерлері жеке қаржыны ұтымды басқарудың практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған «Қарызсыз қоғам» семинарына қатысты. Іс-шараға жобаның елордалық филиалының менторы, қаржы сарапшысы Дулат Мыңбаев қатысты.
Кездесу барысында қатысушыларға қаржылық міндеттемелерді жоспарлау қағидаттары, жеке және отбасылық бюджетті тиімді басқару тәсілдері, сондай-ақ шамадан тыс қарыз жүктемесінің алдын алу шаралары туралы ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар, несие рәсімдеу кезінде туындайтын тәуекелдерге ерекше назар аударылды. Қатысушылар өз қаржы кірістері мен шығыстарын талдау тәсілдерімен, сондай-ақ отбасының қаржылық тұрақтылығын арттыру әдістерімен танысты.
Айта кету керек, қаржылық сауаттылықты арттыру және жеке қаржыға жауапкершілікпен қараудың маңыздылығы мемлекеттік деңгейде бірнеше рет атап өтілген. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар арасында қаржылық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтіп, «Қарызсыз қоғам» жобасын қолдай отырып, бұл бастаманы кеңейтіп, бүкіл ел бойынша білім беру және консультациялық бағдарламалардың ауқымын арттыру қажеттігін айтқан болатын.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жеке кеңестер алды.