Астана қаласының 16 жылдығы қарсаңында «Нұр Отан» партиясының филиалы мен «Жас Отан» жастар қанаты «Астана – спорт ордасы» атты спорт турнирін ұйымдастырды.
Спорт турнирі «Алматы», «Есіл», «Сарыарқа» аудандарының бастауыш партия ұйымдары арасында өтті. Жарысқа құрамы 6 адамнан тұратын (3 ер мен 3 қыз) 15 команда қатысты.
Турнир 28 маусымда «Қазақстан» спорт кешенінің аумағында өткізілді. Спорт додасы марафон, армреслинг, арқан тарту, гиря көтеру, эстафета, стритбол, тоғызқұмалақ секілді 7 кезеңнен тұрды.
«Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы» РМК бастауыш партия ұйымының құрама командасы марафон жарысында төртінші болып келіп, стритбол ойынынан бірінші орынға ие болды. Қорытынды есеп бойынша команда екінші орынға иеленіп, жарыс кубогын жеңіп алды.
Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов жарысқа бірге қатысып, спорт мерекесінің құрметті қонақтары болды.