Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы мен Astana IT University ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Рәсімге ҚР ПІБ Аппарат басшысы Алмас Исаков пен Astana IT University Басқарма төрағасы – ректоры Альтаир Ахметов қатысты.
Аталған іс-шара мемлекеттік басқару жүйесі мен академиялық IT-қоғамдастық арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға, талантты жастарды тартуға, кадрлық әлеуетті арттыруға және заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған.
«Мемлекет басшысы жариялаған Жасанды интеллектіні дамыту жылы аясында цифрлық технологиялар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізудің және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың стратегиялық құралына айналуда. Қол қойылған меморандум заманауи IT-шешімдерді енгізуге, университеттің сараптамалық әлеуетін тартуға және ҚР Президентінің Іс басқармасы жүйесі үшін сұранысқа ие мамандар даярлауға негіз қалайды», – деп атап өтті ҚР ПІБ аппарат басшысы Алмас Исаков.
Алмас Исаков студенттердің тәжірибесін ұйымдастыруға арналған дайын цифрлық шешім – Students Book қосымшасы туралы да айтып берді. Бұл қосымшаны серіктес тараптың ресми интернет-ресурсымен біріктіруге болады. Платформа студенттерге тәжірибеден өтуге онлайн өтінім беруге мүмкіндік береді, іріктеудің ашық тетігін қамтамасыз етеді және мемлекеттік жобалар аясында нақты жұмыс тәжірибесін жинақтап, алған білімдерін тәжірибеде қолдануға жол ашады.
Өз кезегінде Astana IT University Басқарма төрағасы – ректоры Альтаир Ахметов қол қойылған меморандумның университет пен сала үшін маңызын атап өтті.
«Бұл біз үшін жай ғана келісім емес, білім беру үдерісін мемлекеттік сектордың нақты міндеттерімен ұштастырып, цифрлық трансформация жағдайында тиімді жұмыс істей алатын мамандар даярлауға мүмкіндік», – деді Альтаир Ахметов.
Ректор сондай-ақ Astana IT University мемлекеттік қызметшілерді оқытуға құқығы бар ұйымдар тізіліміне енгізілгенін атап өтті. Бұл мемлекеттік басқару органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік береді. Университет ыңғайлы кестемен, оның ішінде демалыс күндері өткізілетін қысқамерзімді мамандандырылған білім беру бағдарламаларын әзірлеуге дайын.
Ынтымақтастық аясында бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және 2–3 курс студенттері үшін өндірістік тәжірибелер ұйымдастыру жоспарлануда.
Құжатқа қол қою өзара іс-қимылды жүйелеуге, бірлескен жобалардың тиімділігін арттыруға және цифрлық дамуға кешенді тәсілді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.