Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына қарасты Президенттік орталықта «Конституциялық реформа: гендерлік саясат пен отбасылық құндылықтарға жаңа көзқарастар» атты халықаралық конференция өтті.
Кіріспе сөзінде Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат Қазақстан ауқымды конституциялық реформа қарсаңында тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, реформаның маңызды бағыттарының бірі – гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты дамыту. Елде гендерлік теңдікті нығайту және әйелдердің құқықтарын қорғау бағытында жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді, бұл үдеріске ұлттық және халықаралық ұйымдар белсенді қатысуда. Қазіргі жағдайда аталған саясатты одан әрі жетілдіру бойынша нақты қадамдарды жалғастыру қажет екені айтылды.
БҰҰ-ның Әйелдер құрылымының Орталық Азия бойынша үйлестіру кеңсесінің жетекшісі, Қазақстандағы елдік офис өкілі Гюрэс Джерен Гювен гендерлік теңдік саяси, демографиялық және климаттық өзгерістер жағдайында орнықты дамудың негізгі элементі болып қала беретінін атап өтті. Оның пікірінше, конституциялық жаңғырту іргелі құқықтар мен институционалдық кепілдіктерді нығайтуға, гендерлік теңдікті ұлттық басымдықтарға кіріктіруге құқықтық негіз қалыптастырады, сондай-ақ мемлекеттік басқару мен әділет жүйесіндегі құқықтық тетіктерді күшейтеді.
Жиында тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, отбасы, ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша жаңартылған конституциялық бастамалар талданды. Мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және халықаралық ұйымдардың өкілдері озық тәжірибелермен, зерттеулермен және деректермен алмасып, пікірталасты жаңа идеялармен толықтырды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау конституциялық реформа – бұл заң мәтінін өзгерту ғана емес, мемлекет пен азамат арасындағы жаңа қоғамдық келісімді айқындайтын үдеріс екенін айтты. Оның пікірінше, заманауи гендерлік саясат пен отбасылық құндылықтар тақырыбы – сырттан келген үрдіс емес, халқымыздың тарихи тәжірибесімен үндес бағыт.
Дөңгелек үстел жұмысына сондай-ақ прокуратура қызметкерлері, білім беру және спорт саласының сарапшылары, медиа өкілдері, қоғамдық пікір көшбасшылары, бизнес-қоғамдастық мүшелері және Астана қаласындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдігі қатысты.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар гендерлік саясатты одан әрі дамыту басымдықтарын айқындап, қазіргі әлеуметтік-экономикалық және мәдени трансформациялар жағдайында отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңызын атап өтті. Бұл бастамалар инклюзивті әрі орнықты қоғам қалыптастыруға бағытталған.