Жыл сайын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, әлемде маусымдық тұмаудың шамамен 1 миллиард жағдайы тіркеледі. Респираторлық инфекциялар белсенді айналымда жүрген кезеңде тұмау вирусын дәл диагностикалау мен терең зерттеуде Медициналық орталықтың Референс-зертханасы маңызды рөл атқарады.
Зертхана сараптамалық деңгейдегі зерттеулер жүргізеді. Мамандар молекулалық-генетикалық диагностика әдісі арқылы тұмау вирусын анықтап, оның типі мен типшесін нақтылайды, клиникалық жағдайларды растайды және басқа респираторлық инфекциялармен дифференциалды диагностика жүргізеді.
Тұмау вирусын зерттеу барысында зертхана оның генетикалық кодына егжей-тегжейлі талдау жасайды. Бұл мутацияларды анықтауға, жаңа нұсқалардың пайда болуын бақылауға, инфекцияның таралу жолдарын талдауға және эпидемиологиялық тәуекелдерді бағалауға мүмкіндік береді. Алынған деректер айналымдағы штамдарды мониторинг жасауға және маусымдық вакциналардың құрамын жаңарту бойынша ұсыныстар әзірлеуге пайдаланылады.
«Біз тек диагнозды растаумен шектелмейміз. Біздің міндетіміз – тұмау вирусының нақты қай штамы айналымда жүргенін, оның қалай өзгеріп жатқанын анықтау және халықты қорғау үшін қандай шаралар қабылдау қажет екенін белгілеу», – деп атап өтті аса қауіпті бактериалдық және вирустық инфекциялар зертханасының меңгерушісі Сәния Сәрсенғалиева.
Спикер тұмау вирусының алдын алудағы ең тиімді шара ретінде жыл сайынғы вакцинациягы ерекше атап өтті. Сондай-ақ қарапайым сақтық шараларын сақтау маңызды: қолды үнемі жуу, жөтелгенде және түшкіргенде ауыз бен мұрынды жабу, науқастармен тығыз байланыстан аулақ болу және ауру белгілері пайда болған жағдайда үй жағдайында емделу.
Заманауи зертханалық диагностика мен профилактиканы ұштастыратын кешенді тәсіл тұмау вирусының таралуын және ауыр асқынулар қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.