Басты бетҰлттық госпиталь дәрігерлері артық салмақтың қауіп-қатерлері туралы ескертті

Ұлттық госпиталь дәрігерлері артық салмақтың қауіп-қатерлері туралы ескертті

Ұлттық госпиталь дәрігерлері артық салмақтың қауіп-қатерлері туралы ескертті

Артық салмақ денсаулық пен өмір сүру ұзақтығына айтырлықтай қауіп төндіретіні белгілі. Халықаралық зерттеулердің деректеріне сәйкес, Еуропа елдері тұрғындарының 45–70 пайызында артық салмақ бар. Ұлыбританияда соңғы он жылда семіздікке шалдыққандар саны 50%-ға артқан, ал АҚШ-та жыл сайын 300 мыңнан астам адам артық салмақтан туындаған аурулардың салдарынан қайтыс болады. 

Семіздіктің ауыр түрлерінде адамның өмір сүру ұзақтығы орта есеппен 12–15 жылға қысқарады, ал жас адамдар арасында мерзімінен бұрын қайтыс болу қаупі қалыпты салмақтағы құрдастарымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Әсіресе бұл мәселе әйелдер арасында өзекті. 35–55 жас аралығында әйелдердің көбінің артық салмағы бар, ал босанғаннан кейін және жас ұлғайған сайын шамамен 70%-ы салмақ қосады. Қатаң диеталар көбіне тұрақты нәтиже бермейді. Егер салмақтың арту себептерімен жүйелі түрде жұмыс жүргізілмесе, 96% жағдайда салмақ бірнеше ай ішінде қайта қосылады.

Семіздіктің басты қауіптілігі – инфаркт, инсульт, 2 типті қант диабеті, гипертония және буын ауруларының даму қаупін арттыруында. Бұл уақытша тамақтану шектеулерін емес, кәсіби медициналық тәсілді қажет ететін созылмалы жағдай.

Ұлттық госпитальдің эндоскопиялық бөлімінің меңгерушісі Шоқан Секербековтің айтуынша, айқын семіздік кезінде міндетті түрде мамандарға жүгіну қажет. Қазіргі медицина салмақты қауіпсіз азайтуға, зат алмасуды бақылауға және асқынулардың алдын алуға мүмкіндік беретін кешенді емдеу әдістерін ұсынады. Негізгі мақсат тек салмақты төмендету емес, денсаулықты сақтау, өмір сапасын жақсарту және мерзімінен бұрын өлім қаупін азайту.

Қазіргі замандағы хирургиялық емес әдістердің бірі – ішкі асқазан баллоны. Баллон эндоскопиялық жолмен асқазанға енгізіліп, ерітіндімен толтырылады және оның бір бөлігін алады. Осылайша тұтынылатын тағам мөлшері азаяды, сәйкесінше тоқтық сезімі тезірек пайда болады және тәбет төмендейді. Процедура шамамен 30 минутқа созылады, кесуді қажет етпейді және дәрігердің бақылауымен қауіпсіз түрде салмақты азайтуға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, артық салмақ мәселесін дәрігердің бақылауымен неғұрлым ерте қолға алу, тұрақты нәтижеге қол жеткізудің және ағзаға төнетін ауыр салдардың алдын алудың маңызды шарты.