Президенттік орталықта Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына және жыл сайын 21 ақпанда атап өтілетін Бүкіләлемдік гидтер күніне арналған Гидтер мен экскурсия жүргізушілерінің II Елордалық форумы өтті. Шара аясында кәсіби қауымдастықтың, мемлекеттік органдардың және халықаралық сарапшылардың 130-дан астам өкілі бас қосты.
Форум Астана қаласының әкімдігі, «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы» ЖШС және елордалық гидтер Клубымен бірлесіп ұйымдастырылды. Қатысушылар экскурсиялық қызметті дамытудың заманауи тәсілдерін, сапа стандарттарын жетілдіруді және халықаралық тәжірибені енгізу мәселелерін талқылады.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Президенттік орталық директоры Бақытжан Темірболат туризм саласы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін ерекше атап өтті:
«Туристік саланы дамыту – стратегиялық міндет. Бүгінде гидтердің кәсіби қауымдастығын күшейту айрықша маңызды, өйткені ел туралы алғашқы әсерді дәл осы гид мамандар қалыптастырады».
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Ғазизов ұлттық имиджді ілгерілетудегі гидтердің рөліне тоқталды:
«Гид – мәдени елші. Оның жұмысының сапасына қарай қонақтарымыз Қазақстанды қалай көріп, қалай есте сақтайтыны айқындалады».
Форум аясында пленарлық отырыс пен тақырыптық панельдік сессиялар өтті. Музейлік тәжірибедегі әдістемелік тәсілдерге және саланы халықаралық стандарттарды ескере отырып заңнамалық реттеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша туристік қызмет сапасын одан әрі арттыруға және Астананың серпінді дамып келе жатқан туристік орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған практикалық ұсынымдар әзірленді.