Тұрғындардың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы легионеллездің алдын алуға ерекше назар аударады. Бұл тыныс алу жүйесін зақымдайп, ауыр пневмония түрінде өтуі мүмкін жедел жұқпалы ауру.
Жұқтырудың негізгі көзі – құрамында Legionella туысына жататын бактериялары бар су аэрозолімен тыныстау. Олардың көбеюіне ең қолайлы орындар – ғимараттардың инженерлік жүйелеріндегі жылы, тоқырап қалған су, кондиционер, желдету, ауаны ылғалдандыру жүйелері, сондай-ақ бассейндер мен су айлақтары.
Мамандардың айтуынша, жабдықтарға тиісті техникалық қызмет көрсетілмеген жағдайда жиналатын конденсаттарда және дренаждық жүйелерде биоқабықтар түзіліп, патогенді микроорганизмдердің жиналуына қолайлы орта пайда болады. Пайдалану барысында мұндай жүйелер инфекциялық аэрозольдің таралу көзіне айналуы мүмкін.
Легионеллездің алдын алу мақсатында климаттық және су жабдықтарын пайдаланатын ұйымдар жүйелі түрде санитариялық өңдеу жүргізуге, судың тұрып қалмауына жол бермеуге, пайдалану регламенттерін сақтауға, сондай-ақ жоспарлы зертханалық бақылауды қамтамасыз етуге міндетті.
Зертханалық мониторинг заманауи диагностикалық әдістерді қолданатын аккредиттелген мекемелерде жүзеге асырылады. Бұл зерттеулердің жоғары дәлдігін қамтамасыз етеді. Инженерлік жүйелерді тұрақты тексеру ықтимал контаминацияны дер кезінде анықтауға және қажетті профилактикалық шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау, уақтылы техникалық қызмет көрсету және жүйелі зертханалық бақылау легионеллездің таралуының алдын алудың және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең тиімді жолы.