Парламентаризм институтында депутаттардың, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдерінің қатысуымен жаңа Конституцияның жобасын сараптамалық талқылауға арналған жиын өтті.
Кездесуді ашқан Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан Конституцияның жобасын талқылауда қоғамдық диалогтың маңыздылығына тоқталып, құқықтық шешімдердің орнықтылығы сарапшылар мен азаматтардың белсенді қатысуы арқылы қалыптасатынын жеткізді.
Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев ұсынылған құжат саяси жүйені жаңғыртуға және халықтың мемлекеттік басқаруға қатысу қағидаттарын күшейтуге бағытталған қоғамдық сұранысты көрсететінін айтты. Оның сөзінше, Конституция заман талабына сай өміршең құжатқа айналуы тиіс.
Серік Егізбаев азаматтарды алдағы референдумға барынша белсенді қатысуға шақырып, Ата заңды қабылдау – бүкіл халықтың ортақ шешімі екенін атап өтті.
Айта кету керек, Парламентаризм институты өткен жылдың күзінен бастап парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар әзірлеу жұмысына белсенді қатысып келеді. eGov және e-Өтініш цифрлық платформалары арқылы Институтқа азаматтардан 600-ге жуық бастама түсті. Әрбір өтініш жан-жақты сараптамадан өтіп, мазмұнды ұсыныстар тиісті профильдік отырыстардың қарауына ұсынылды.