2014 жылғы 15 ақпанда Кеңес әскерлерінің Ауғанстан Республикасынан шығарылғанына 25 жыл толды. Бұл соғысқа 22 269 қазақстандық қатысқан, олардың 924-і ерлікпен қаза тапты, 1015-і мүгедек болып, 21-і хабар-ошарсыз кетті. Ауғанстаннан әскерлердің шығарылған күні – ауған соғысының ардагерлері үшін әрі мереке, әрі қаза тапқан жуынгерлерді еске алатын қайғылы күн.
Бұл күні Республиканың барлық жерінде концерттік бағдарламалар жүргізіліп, митингілер өтті, қаза тапқан және қайтыс болған жауынгерлерді еске алып, мемориалдарға гүл шоқтары қойылды.
2014 жылғы 21 ақпанда отандастарымыздың ерлігі мен қаһармандығына бас ие отырып, «Нұр Отан» партиясының «Бірлік» филиалы интернационалист-жауынгерлерді құттықтады. Астана қаласындағы Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері одағының өкілдері үшін ҚР Тұңғыш Президенті мұражайын аралау ұйымдастырылып, естелік сыйлықтар тартылған дөңгелек үстел барысында ауған соғысының жауынгерлері өздерінің естеліктерімен бөлісті.
«Соғыстың барлық қасіретін бастарынан өткеріп, өздерінің жанын пида еткен, Отанынан шет жерде соғыса отырып, ерлік жасаған ерлерді тәрбиелеген Отаным үшін кеудені мақтаныш кернейді», – деп «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлия Қайшарова атап өтті.