Медициналық орталық Ауруханасында тізе және жамбас буындарына жасалатын оталарда робот-ассистенттік технологиялар белсенді түрде қолданыла бастады.
Жаңа шешімдер хирургиялық оталар мен процедуралардың дәлдігін арттырып, асқыну қаупін төмендетуге және науқастардың қалпына келу мерзімін жеделдетуге мүмкіндік береді.
№3 хирургиялық бөлімшенің меңгерушісі, жоғары санатты травматолог Болат Искаковтың айтуынша, науқастар көбіне ірі буындардың артрозы ауруымен жүгінеді. Бұл дерт ауырсынумен, қозғалыстың шектелуімен және өмір сапасының айтарлықтай төмендеуімен қатар жүреді. Заманауи эндопротездеу ауырсыну синдромын азайтып, буынның қозғалысын қалпына келтіруге көмектеседі. Ал бұрын орнатылған имплант тозған немесе асқынулар туындаған жағдайда күрделі қайталама оталар жасалады.
Мамандардың сөзінше, роботталған жүйелер хирург маманға отаны алдын ала нақты жоспарлауға және науқастың жеке анатомиялық ерекшеліктерін ескере отырып, имплантты жоғары дәлдікпен орнатуға көмектеседі. Бұл ретте негізгі шешімдердің барлығы дәрігердің құзырында қалады, ал технологиялар емдеу қауіпсіздігін арттыратын құрал ретінде қызмет атқарады.
Дәрігерлер робот-ассистенттік хирургияны енгізу Қазақстандағы травматология мен ортопедияның дамуына жаңа серпін беріп, науқастардың отадан кейін белсенді өмірге тезірек оралуына мүмкіндік беретінін атап өтеді.