Гипофиз аденомасы - мидың түбінде орналасқан гипофиз безінен дамитын қатерсіз ісік. Аталған ауру гормоналды жүйенің бұзылуына және көру қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Ұлттық госпитальдің нейрохирургі Абзал Жұмабековтің айтуынша, бұл дерт көбіне 20-50 жас аралығындағы адамдарда анықталады және ерлер мен әйелдер арасында бірдей жиілікте кездеседі.
Ісік гормондардың бөліну процесін бұзып, көру жүйкелерін қысады. Соның салдарынан науқастарда тұрақты бас ауруы пайда болып, көру қабілеті төмендейді, көру аймағы тарылуы мүмкін. Гормоналды белсенді аденомалар кезінде эндокриндік бұзылыстар байқалып, етеккір циклінің өзгеруі, бедеулік, дене салмағының немесе пішінінің өзгеруі, артериялық қысым мен қандағы қант деңгейінің жоғарылауы тіркелуі ықтимал.
Ауруды диагностикалау үшін магниттік-резонанстық томография, гормоналды зертханалық талдаулар және бейінді мамандардың кеңестері жүргізіледі. Емдеу әр науқасқа жеке таңдалып, дәрілік терапияны, эндоскопиялық хирургиялық араласуды, сәулелік терапияны немесе динамикалық бақылауды қамтуы мүмкін.
Хирургиялық ем 18 жастан 75 жасқа дейінгі науқастарға жүргізіледі. Ал 75 жастан асқан азаматтарға ота жасау мәселесі мамандардың көрсеткіштері мен анестезиологиялық қорытындыларға сәйкес дербес тәртіпте қаралады.
2025 жылы Ұлттық госпитальде аталған диагнозбен шамамен 40 науқасқа хирургиялық ем жүргізіліп, тағы 10 адам дәрілік терапия курсынан өтті. Жүргізілген ем жоғары тиімділік көрсетіп, қазіргі таңда барлық науқастардың жағдайы тұрақты әрі қанағаттанарлық деңгейде.
Мамандар дер кезінде дәрігерге жүгіну мен ерте диагностика ауыр асқынулардың алдын алып, азаматтардың денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті.