Қазақстанда бірпалаталы жүйеге көшуді көздейтін парламенттік реформа кеңінен талқылануда. Парламентаризм институты Жеке заңнама орталығының жетекшісі Юлия Костяная «BAQ.KZ» сайтына арналған «Парламенттік реформа: бірпалаталы жүйе заң шығару үдерісін қалай жеделдетеді» атты мақаласында бұл өзгерістердің мақсаты мен мәнін терең талдады.
Мақалада автор аталған бастаманың мәні тек палаталарды формалды түрде біріктіру ғана емес, керісінше билік тармағының бірін түбегейлі қайта форматтау екенін ерекше атап өтеді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, әлем елдерінің жартысынан астамы, әсіресе унитарлы мемлекеттер, бірпалаталы парламент моделін қолданады. Бұл формат Еуропа мен Азияда заң шығару үдерісін оңтайландырудың, артық бюрократиялық кедергілерді жоюдың тиімді құралы ретінде кең таралған. Ал екіпалаталы жүйелер, әдетте, аумақтардың жеке өкілдігін талап ететін федеративтік мемлекеттерге тән.
Қазақстандық модельдің ерекшелігі - бірпалаталы жүйеге көшу заң шығару үдерісін жеделдету құралы ретінде қарастырыла отырып, заңдардың сапасын сақтауға және қоғамдық мүдделерді ескеруге бағытталуында. Сонымен қатар, бұл модельде бейінді комитеттердің, қоғамдық тыңдаулардың рөлін күшейту көзделген.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай тәсіл Парламенттің тиімділігін арттырып, реформаны халықаралық тәжірибемен және мемлекеттің басқару ерекшеліктерімен үйлестіруге мүмкіндік береді.