Басты бетҰлттық госпитальде депрессияны ерте анықтаудың жаңа тәжірибелері енгізілді

Ұлттық госпитальде депрессияны ерте анықтаудың жаңа тәжірибелері енгізілді

Ұлттық госпитальде депрессияны ерте анықтаудың жаңа тәжірибелері енгізілді

Ұлттық госпитальде азаматтарды алғашқы қабылдау кезінде депрессияны қатар жүретін ауру ретінде анықтауға арналған тестілеу жүйесі енгізілді,- деп хабарлайды ұйымның Баспасөз қызметі.

Мамандардың айтуынша, депрессия көбіне қатар жүретін дерт ретінде кездеседі. Ол көптеген аурулардың өту барысына кері әсерін тигізіп, ұйқы мен тәбеттің бұзылуына, белсенділік пен еңбекке қабілеттіліктің төмендеуіне әкеледі. Сондықтан дер кезінде диагностика жасап, емдеу тактикасын түзету аса маңызды.

Ұлттық госпитальдің невролог дәрігері Гүлнар Исақанованың айтуынша:
«Бұдан бөлек, бұл дерт мигрень мен созылмалы ауырсынуларды қоздыруы мүмкін. Кейбір жағдайларда депрессия Паркинсон ауруы мен деменцияның даму қаупін арттырады. Сондықтан уақтылы диагностика пациентті емдеу процесіне қажетті өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді».

Халықаралық Countrycassette онлайн-журналының деректеріне сәйкес, ел тұрғындарының 4,4 пайызы депрессиялық бұзылысқа шалдыққан, алайда олардың көпшілігі медициналық көмекке жүгінбейді.

Қазақстанда «Халық денсаулығы туралы» кодекстің 89-бабына сәйкес, депрессиядан зардап шегетін азаматтар уақытша еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеп, мамандардың бақылауымен емделе алады. 

Алғашқы кезеңде диагнозды жалпы практика дәрігері немесе невролог қояды, ал түпкілікті шешімді психотерапевт немесе психиатр қабылдап, еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдейді.

Өз кезегінде мамандар алдын алу шараларын да ескерусіз қалдырмауға шақырады. 

Толыққанды ұйқы, тұрақты дене белсенділігі, орта ауыстыру және тікелей қарым-қатынас мазасыздық пен шаршауды азайтуға көмектеседі, ал мамандардың ерте қолдауы денсаулық пен өмір сапасын сақтауға ықпал етеді.