Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Қарлығаш» балабақшасы» ШЖҚ РМК Білім сапасын тәуелсіз аккредиттеу және бағалау жөніндегі халықаралық агенттік - МАНАоКО стандарттарының талаптарына сәйкес халықаралық институционалдық аккредиттеуден сәтті өтті. Бұл оқиға балабақшаның дамуындағы маңызды кезеңге айналып, мектепке дейінгі білім беру сапасын қамтамасыз етудегі жүйелі жұмыстың айқын дәлелі болды.
МАНАоКО - білім беру ұйымдары мен білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестігі бойынша тәуелсіз аккредиттеуді жүзеге асыратын халықаралық агенттік. Агенттік өз қызметінде әлемдік озық тәжірибелерге сүйеніп, ұлттық ерекшеліктерді ескереді және әртүрлі елдердің аккредиттеу құрылымдарымен, соның ішінде Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттікпен (IQAA) тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. МАНАоКО-ның АҚШ Үкіметінің комиссиясы мойындаған American Accreditation Association (AAA) ұйымының мүшесі болуы аккредиттеу рәсімінің халықаралық деңгейдегі беделін арттыра түседі.
Халықаралық институционалдық аккредиттеуден өтудің негізгі мақсаты - балабақшаның білім беру қызметінің сапасын объективті түрде растау, басқару жүйесі мен жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың тиімділігін бағалау, сондай-ақ одан әрі даму бағыттарын айқындау болды.
Аккредиттеу рәсімінен бұрын МАНАоКО стандарттары мен балабақшаның ішкі регламенттеріне сәйкес жүргізілген кешенді өзін-өзі бағалау кезеңі өткізілді. Өзін-өзі бағалау стратегиялық басқару, әкімшілік және материалдық-техникалық қолдау, тәрбиеленушілердің әл-ауқаты, білім беру бағдарламаларының мазмұны және сапаны басқару жүйесі сияқты қызметтің негізгі бағыттарын қамтыды. Ақпарат жинау және талдау сауалнама жүргізу, сұхбат алу, құжаттарды талдау және бақылау арқылы жүзеге асырылып, оның нәтижесінде жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленді.
Қорытынды кезеңде Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасынан келген мамандардың қатысуымен сыртқы сараптамалық бағалау жүргізілді. Сарапшылар білім беру ортасын, кадр әлеуетін, тәрбиелеу мен оқыту жағдайларын, сондай-ақ басқару жүйесін жан-жақты талдады. Тексеру нәтижесінде «Қарлығаш» балабақшасының қызметі мектепке дейінгі білім берудің халықаралық стандарттарына толық сәйкес деп танылды.
Халықаралық аккредиттеуден өту педагогикалық ұжымның жоғары кәсіби деңгейін, білім беру бағдарламаларының тиімділігін және балабақшаның қауіпсіз, қолайлы әрі дамытушы орта құруға бағытталғанын айқын көрсетеді. Қол жеткізілген нәтиже ата-аналар мен қоғам тарапынан сенімді нығайтып, балабақшаның мәртебесін арттырып, кәсіби ынтымақтастықты кеңейтуге және мектепке дейінгі білім беру сапасын одан әрі арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.