Жұмысшы мамандықтар жылы аясында елдің мәдени және ағартушылық әлеуетін нығайтуға үлес қосып жүрген мамандарға ерекше көңіл бөлінуде. Сол мамандықтардың ішінде тарих пен бүгінгі күннің арасын жалғаушы экскурсия жүргізушісінің орны бөлек.
Осындай мамандардың бірі – ҚР Президенті Іс басқармасы Президенттік орталығы музейінің жетекші экскурсия жүргізушісі Жанар Испердинова. Ол он екі жылдан бері музей саласында еңбек етіп келеді және бұл қызмет оның өмірлік миссиясы. Жанар Ибрагимқызының айтуынша, заманауи экскурсия жетекшісі – зерттеуші, коммуникатор және педагог. Ол келушілерге тарихи оқиғаларды жаңа қырынан түсінуге, елдің дамуымен терең сезінуге көмектеседі.
Президенттік орталықтағы экскурсиялардың маңызы ерекше. Мұнда Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңдері мен президенттік институттың дамуына арналған материалдар жинақталған. «Әрбір экскурсия – бұл өткен мен бүгіннің арасындағы диалог, тарихи жадыны жаңғыртып, еліміздің бүгінгі күнге қалай жеткенін терең түсінуге мүмкіндік беру», – дейді Жанар Испердинова.
Бұл мамандыққа қойылатын жоғары талаптар, оның ішінде терең білім, материалды әр аудиторияға бейімдеу қабілеті, жауапкершілік және өзін-өзі үздіксіз жетілдіру музей қызметкерлерінің еңбегін айрықша маңызды етеді. Көп жағдайда олардың жұмысы көзге көрінбегенімен, дәл осы мамандар тарихи мұраны сақтап, азаматтық бірегейліктің қалыптасуына ықпал етеді.
«Мен өз жұмысымды мақтан етемін. Мен үшін экскурсия – тарихқа қызығушылықты ояту, шабыттандыру, өткенді үздіксіз үдеріс ретінде көрсету мүмкіндігі», – дейді Жанар Испердинова