Астанада ҚР Президент Телерадиокешені және China Media Group (CMG) арасындағы ынтымақтастық шеңберінде жүзеге асқан алғашқы азиялық вокалды мегажоба Silk Way Star-дың жарқын әрі ауқымды гранд-финалы өтті.
Азия құрлығындағы миллиондаған көрерменді біріктірген жоба қатысушы елдердің музыкалық мәдениетінің ортақ мерекесіне айналды.
Ақтық шоу сахнасында аймақтың түрлі елдерінен келген жеті ең мықты өнерпаз бақ сынады. Әрбір қатысушы ұлттық композициясын таныстырып, оны көрермендерді таңғалдырған сахналық қойылыммен толықтырды. Осылайша әрбір қатысушы өз елінің мәдени мұрасының бірегейлігін паш етті.
Кештің кульминациясы — жеңімпазды жариялау сәті болды. Құрметті миссияны орындау Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергенге тапсырылды. Бірінші орынға Моңғолия өкілі Мишель Джозеф ие болды, оның өнері қазылар алқасы мен көрермендердің жоғары бағасын алды. Салтанатты марапатты әншіге China Media Group және ҚР Президентінің Телерадиокешені өкілдері табыстады.
Бағалау жүйесі 50/50 бойынша жүргізілді, яғни кәсіби қазылар алқасының дауыстарына көрермендердің онлайн дауыс беру нәтижелері қосылды. Шоу Jibek Joly телеарнасы арқылы және бірнеше шетелдік арналар арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Тікелей трансляция миллиондаған көрерменге жылдың музыкалық оқиғасына куә болуға мүмкіндік берді.
Жобаның алдағы жоспары туралы толығырақ Kazinform сайтынан оқи аласыздар https://www.inform.kz/