31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. «ҚР Іс Басқармасының Автошаруашылығы» РМК ұжымы Ақмола облысында орналасқан «АЛЖИР» (Халық жаулары әйелдерінің Ақмола лагері) саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандары мұражай-мемориалдық кешеніне барды. Ұйым қызметкерлері алдымен «Қайғы қақпасының» алдына гүл қойып, қуғын-сүргін құрбандарына тағзым етті. Содан соң «Алжирдің сұрапыл суығы» атты деректі фильмді тамашалап, кешеннің экспозициясымен тереңінен танысты.
АЛЖИР - cонау 1937-ші жылы ІІХК-ның арнайы бұйрығымен салынған Ақмола халық жаулары әйелдерінің лагері, кейін баршаның аузында АЛЖИР аталып кеткен азап орталығында 20 мыңға жуық нәзік жандар қамауда болған. Қарағанды лагерінің 17-ші бөлімшесінің артынан 26-шы нүкте болып құрылған осынау тозақ орталығында небір ел жайсаңдарының зайыптары, қыздары мен қарындастары жазықсыз жапа шекті. Атап айтсақ, атақты балерина Мая Плисецкаяның анасы – Рахиль Плицеская, сондай-ақ Тимур Гайдардың анасы – Лия Соломянская да қамалды.