







Президенттік орталығында Республика күніне арналған «Егемендік жолы» атты тақырыптық көрменің ашылу салтанаты өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, елордалық жұртшылықтың, сондай-ақ жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттерінің қатарынан шамамен 200 адам қатысты.
2022 жылғы маусым айында өткен Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайта атап өтуді және оған ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын. Бұл бастама Қазақстан Республикасы егемендігі туралы Декларацияның ел тәуелсіздігіне бастау болған тарихи маңызын және оның Қазақстанның жаңа тарихындағы бетбұрысты кезең ретіндегі орнын айқындайды.
Декларация республиканың алғашқы іргелі мемлекеттік актісі болды. Онда елдің бөлінбейтіндігі мен тұтастығы бекітіліп, мемлекет халықаралық құқықтың дербес субъектісі ретінде айқындалды. Бұл құжат республика заңдарының одақтық заңдардан үстемдігін және КСРО құрамында нақты дербестікке ұмтылысын жария етті.
Көрмеде қазақ халқы мен өзге этностардың төл мәдениеті мен дәстүрлерінің жаңғыруына, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуындағы Декларацияның рөліне арналған мәдени және ұлттық аспектілерді қамтитын бөлімдер ұсынылған. Экспозицияда барлығы 235 архивтік, кітапхана және мұражай экспонаты қойылған.
Іс-шара барысында Президенттік орталық директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова, Қазақстан Республикасының белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенанті Абай Тасболатов, сондай-ақ Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Әбдрахманов сөз сөйледі.
Толығырақ https://elordainfo.kz/