Басты бетОрталық клиникалық ауруханада алғаш рет кардиовертер-дефибриллятор имплантациясы бойынша ота жасалды

Орталық клиникалық ауруханада алғаш рет кардиовертер-дефибриллятор имплантациясы бойынша ота жасалды

      ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының «Орталық клиникалық ауруханасы» РМК интервенциялық кардиологиялық бөлімшесінде 62 жастағы науқасқа кардиовертер-дефибриллятор имплантанциясы жасалды.

Отаны интервенциялық кардиология бөлімшесінің меңгерушісі Данияр Маханов орындады. Ол 10 жылдан асатын қызмет өтілімі бар дәрігір-кардиолог. Орталық клиникалық ауруханада 2011 жылдан бастап жұмыс жасайды.  Ол тек қана ота жасап ғана қоймай, Еуропа мен Азия орталықтарында біліктілікті арттыру мақсатында түрлі курстар жүргізумен айналысады. Атап айтсақ, каронароангиография, корнонарлық артерия оталары мен аритмикаға қарсы түрлі имплантацияларды жасау (біркамералық          электрокардиостимулятор,екікамералы электрокардиости-мулятор, сандық үшкамералы MAXIMO II CRT-D кардиовертер-дефибрилляторы) арқылы танылған.

         Данияр Маханов бұрында сандық үш камералы MAXIMO II CRT-D кардиовертер-дефибриллятор бойынша жүрек терапиясына байланысты күрделі ота жасаған болатын.

Сарапшылардың пікірі бойынша, КДИ – оңтайлы дәрілік терапияға қарағанда өлім-жітімді 30%-ға төмендетеді және жүректің кенеттен тоқтауының алдын-алудың бірден-бір тиімді әдісі. Жер шарындағы 25% науқастың жүрек соғысы қалыпты емес, сондай-ақ кардиологиялық науқастардың үшеуінің бірінде жүрек аритмиясы бар екендігі анықталған және сағат сайын жер шарында 2000-нан астам адам жүректің кенеттен тоқтауынан қайтыс болады.

          Кардиовертер-дефибриллятор – бұл жүрек аритмиясына қарсы электронды құрылғы. Ол жүрек қағысын бақылап отыруға арналған күрделі компьютер іспеттес. Құрылғы өз жұмысын бір сәтке тоқтатпай, жүрек қызметін қадағалап отырады. Фибрилляциялар пайда болған жағдайда жүрек тоқтап, «клиникалық өлім» туады. Егер сол сәтте реанимациялық шара қолданылмаса, науқас өмірге қайта оралу мүмкіндігінен айырылады. Науқаста имплантталған кардиовертер-дефибрилляторы бар болса, құрылғы өзі жүрек қағысының бұзылуын анықтап, электроразряд арқылы қалыпты жағдайға түсіреді.