Президент Телерадиокешеніне қарасты «Jibek Joly» телеарнасындағы «Таза қала» бағдарламасының түсірілім тобы биыл еліміздің үш мегаполисі мен 20 моноқаласына барды. Соның нәтижесі бойынша өңірлердегі тазалық деңгейін, абаттандырудың жай-күйін және экологиялық бастамаларды әділ бағалап, осы көрсеткіштер бойынша қалалардың рейтингі жасалмақ.
Алғашқылардың бірі болып түсірілім тобы Шығыс Қазақстан облысының Алтай қаласына барды. Жоба қатысушылары өңірдегі экологиялық жағдайды, абаттандыру деңгейін және тазалықты сақтау мәдениетін бағалады. Жиналған материалдар мамандарға сараптамалық бағалау мен ұсыныстар әзірлеу үшін берілді.
Алтайда сенбіліктерге ерекше көңіл бөлінеді, ол тек тазалық қана емес, қоғамды ұйыстыру құралына айналған. Түсірілім күні қала тұрғындары сенбілікке қатысып қана қоймай, спорттық жарыстарға, ұлттық ойындарға және күзгі жәрмеңкеге белсенді атсалысты. Жәрмеңкеде 13 елді мекеннің шаруашылықтары өздері өсірген табиғи өнімдерін қолжетімді бағамен ұсынды.
Сараптамалық бағалау нәтижесінде Алтай 30 мүмкін балдың 24-ін жинады. Бұл қалада оң өзгерістер бар екенін, алайда болашақта шешуді қажет ететін мәселелер де сақталып отырғанын көрсетті.
«Таза қала» жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жүзеге асуда. Жобаның мақсаты – елді мекендердің тазалығы, экологиялығы мен абаттандырылуы бойынша объективті рейтинг қалыптастыру.
Толығырақ сілтемеден оқуға болады https://www.inform.kz/