ҚР ПІБ Медорталығы «Almaty Resort» шипажайының 23 жастағы су-шефі Нұрлан Сабыр «Еуразия» бірінші арнасындағы «Қайырлы таң» таңғы бағдарламасының қонағы болды.
Ол тікелей эфирде тележүргізушілермен бірге маусымдық көкөністер мен жемістерден пайдалы таңғы ас дайындап, омлет пісірді, қызылша салатын жасады.
Нұрлан тек аспаздық шеберлігімен ғана емес, әншілік өнерімен де таңғалдырып, эфирде эстрада жұлдызы Садраддиннің «Күз» атты әнінің бір шумағын орындап берді.
Айта кетейік, Нұрлан Сабыр шипажайда бес жылдан бері еңбек етіп келеді. Алматы технологиялық университетінде оқып жүріп, шипажай асханасында тәжірибеден өткен аспаз, оқу орнын бітірген соң осында жұмысқа орналасқан. Бас аспаздың көмекшісі ретінде қазір дұрыс тамақтану әдебі жайында өз тәжірибесімен және білімімен сенімді түрде бөлісіп жүр.
-Менің мақсатым – аспаздық жолымды жалғастырып, адамдарға дәмді әрі пайдалы тағам ұсыну. Болашақта өзімнің мейрамханамды ашып, ұлттық асханамызды жаңа қырынан көрсеткім келеді. Сонымен бірге, жүрегімде ән айтуға деген үлкен құштарлық бар. Әнші болып, өнер арқылы да адамдарға қуаныш сыйлағым келеді, - дейді Нұрлан Сабыр.
Таңғы бағдарламаның толық шығарылымын мына сілтеме арқылы көре аласыз.https://youtu.be/